Мектептің бітпеген ремонты: Оқушы уланып, зардап шекті

Мектептің бітпеген ремонты: Оқушы уланып, зардап шекті

Алматы облысының Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде оқушы қыз бояудың иісінен уланып, аурухананың токсикология бөліміне түсті. Оқу жүріп жатқан ғимаратта жөндеу және сырлау жұмыстары қатар жүргізілген, деп жазады Democrat.kz.

Оқиға Толстой атындағы орта мектепте болған.

Оқушының анасының айтуынша, 1 қыркүйектен бері мектеп корпустарының бірінде балалар сабақ оқып жүрген уақытта құрылыс және сырлау жұмыстары жүргізілген.

10 қыркүйекте қыз басының ауырғанын айтып шағымданған. Анасы осы мәселемен мектеп директорына барғанын, алайда кабинеттен шығуын сұрап, полиция шақырамыз деп ескерткенін мәлімдеді.

Келесі күні баланың жағдайы нашарлаған.

Оның басы ауырып, жүрегі айнып, әлсіздік пайда болған.

Мектеп медбикесі жедел жәрдем шақырған. Анасының сөзінше, фельдшерлер алғашқы құжатта «бояуға аллергиялық реакция» деген диагноз көрсеткен.

Кейін отбасы баланы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына өздері апарған.

Қазір оқушы токсикология бөлімінде жатыр. Анасы дәрігерлердің «бояудан улану» диагнозын қойғанын айтады.

Алматы облысының Білім басқармасы мектептің А корпусында жөндеу жүріп жатқанын растады.

Онда жекелеген кабинеттерде, дәліздерде және акт залында құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Осы оқиғадан кейін 10–11-сынып оқушылары жөндеу толық аяқталғанша қашықтан оқуға көшірілді.

Жөндеу жұмыстары тағы шамамен 15 күнге созылмақ.

0–9-сынып оқушылары 2024 жылы салынған басқа корпуста офлайн оқуын жалғастырады.

Барлық жаңалықтар