Бір топ азамат министр Сүлейменованың үстінен Президентке шағымданды

Бір топ азамат министр Сүлейменованың үстінен Президентке шағымданды

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің айналасында кадрлық дауға қатысты әңгіме күшейіп тұр. Әлеуметтік желіде ведомство қызметкерлерінің Президент атына жолдаған ұжымдық үндеуі талқыланып жатыр деп жазады Democrat.kz.

Үндеу авторлары министрлікте “жаңа басқару тәсілі” деген желеумен тәжірибелі мамандардың қызметтен кетіп жатқанын алға тартады. Олардың айтуынша, соңғы уақытта негізгі департаменттер мен ведомствоға қарасты ұйымдардан ондаған басшы, сарапшы және топ-менеджер жұмыстан кеткен немесе кетуге мәжбүр болған. 

Бұл туралы Гүлнар Мансұрқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. 

Автордың жазуынша, тізімде қаржы блогы, цифрландыру, инклюзивті білім, орта білім, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, “Өрлеу”, “Талдау”, “Дарын”, “Талап”, “Балдәурен” сияқты білім саласындағы маңызды құрылымдар аталатыны айтылады.

Үндеуде бұл жағдай “ұнамағанды босат, ыңғайлыны тағайында” деген ұстанымға ұқсап бара жатқаны жазылған. Авторлар кәсіби тәжірибе мен меритократия қағидатының орнына жеке адалдық пен бағыныштылық алға шығып отыр деген күдік білдіреді.

Олардың сөзінше, кейбір лауазымдарға нақты адамдарды өткізу үшін біліктілік талаптары төмендетілген. Тіпті бірқатар басшылық қызметке ғылыми дәрежесі жоқ, бұрын қойылған өлшемдерге толық сай келмейтін тұлғалар келгені айтылады.

Тағы бір даулы мәселе — марапаттау тәртібі. Үндеу авторлары көп жылдық тәжірибесі бар мамандар қысым көріп жатқанда, жаңа тағайындалған кейбір қызметкерлердің 1-7 ай ғана жұмыс істеп, мемлекеттік наградаға ұсынылуын түсініксіз деп санайды.

Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне де сұрақ туындайды: мұндай тағайындаулар мен конкурстар қаншалықты ашық өтті? Біліктілік талаптары шынымен заңға сай сақталды ма? Кадрлық шешімдер кәсіби өлшеммен қабылданды ма, әлде ішкі ықпалдың салдары ма?

"Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ведомстводағы кадрлық ауыс-түйістерге қатысты пікір білдіріп, министрлікке “командасыз келгенін” айтқан. Ол кейбір қызметкерлердің өз еркімен кеткенін түсіндірген болатын.

Ал үндеу авторлары керісінше, министрлік ішіндегі сенім дағдарысы тереңдеп бара жатқанын айтады. Олар уәкілетті органдарға ашық шағымдануға қорқатынын, себебі формалды жауаппен шектелуі мүмкін екенін жеткізген.

Қызметкерлер Президенттен қорғау, тәуелсіз аудит жүргізу және министрлік ішінде анонимді сауалнама өткізуді сұрайды"деп жазады Гүлнар Мансұрқызы.

Әзірге бұл үндеудегі деректерге қатысты толық ресми тексеру қорытындысы жарияланған жоқ. Сондықтан қоғам үшін ең маңызды сұрақ ашық күйінде қалып отыр: Оқу-ағарту министрлігінде шынымен жүйелі кадрлық жаңару жүріп жатыр ма, әлде білім саласының кәсіби өзегін әлсірететін ішкі дағдарыс басталды ма?

Мұнан бөлек, осы жазбаға қатысты жазылған пікірлерде Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы жақтаушылар аз емесін байқауға болады. Пікір иелері қазіргі министрге мүмкіндік беру керегін алға тартуда. 

Барлық жаңалықтар