«700-ге жуық қате»: Мектеп оқулықтарын баспалар өз ақшасына қайта шығарады

«700-ге жуық қате»: Мектеп оқулықтарын баспалар өз ақшасына қайта шығарады

Қазақстан мектептеріндегі оқулықтардан, оқу материалдары мен хрестоматиялардан 700-ге жуық қате анықталды. Ең қызығы – олардың арасында жай ғана әріп қатесі емес, тарихи дерек пен географиялық атауларға қатысты фактілік қателер де бар. Енді қате жіберген баспалар кітаптарды өз қаражатына түзетіп, қайта басып шығаруға тиіс, деп жазады Democrat.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 8 қыркүйекте Үкіметтегі брифингте оқулық сапасына қатысты мәселені көтерді. Министрліктің жүргізген талдауы нәтижесінде 16 пән бойынша оқулықтардан, оқу материалдары мен хрестоматиялардан 700-ге жуық қате табылған.

Мәселенің қаншалықты өзекті екенін журналистер келтірген бір мысалдың өзі көрсетеді. 11-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығында ел астанасының атауы әлі күнге дейін «Нұр-Сұлтан» деп көрсетілген. Қаланың атауы Астана болып 2022 жылы өзгертілгенімен, ескі мәлімет оқулықта қалып қойған.

Министрлік бұған дейін 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқулықтардың мазмұнын түгел саралаған. Нәтижесінде географиялық атаулардың дұрыс берілмеуі, тарихи даталардың нақтыланбауы, сондай-ақ баланың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін мазмұн секілді кемшіліктер анықталған.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, енді жауапкершілік баспаларға жүктеледі. Олар анықталған қателерді түзетіп қана қоймай, қажетті оқулықтарды өз қаражаты есебінен қайта шығаруы керек. Мұндай талап заңнамада да қарастырылған: полиграфиялық ақау немесе бекітілген нұсқадан баспаның ауытқуы салдарынан қате кетсе, сатып алынған таралымды баспа өз есебінен ауыстырады.

Оқулық мәселесі мұнымен аяқталмайды. Министрлік қазір жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланатын жаңа форматты 40 мектепте сынап жатыр. Барлық оқулықты бір платформаға біріктіру көзделген. Пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері қараша-қаңтар айларында таныстырылуы мүмкін. Жобаға 15 баспа қатысып жатыр.

Алайда осы жерде қарапайым сұрақ туындайды: егер мектеп оқушысы оқулықтағы ақпаратты ақиқат деп қабылдаса, 700-ге жуық қатенің жауапкершілігін кім көтереді?

Баспа кітапты қайта басып бере алады. Бірақ бала бірнеше жыл бойы қате деректі жаттап келсе, оның санасына сіңген қатені кім түзетеді?

Оқулықтың сапасы – баспахананың ғана мәселесі емес. Ол миллиондаған баланың қандай ақпаратты дұрыс деп қабылдайтынына тікелей әсер етеді.

Барлық жаңалықтар