286 мың теңге жалақы: Оқу ағарту министрлігі конкурс жариялады

286 мың теңге жалақы: Оқу ағарту министрлігі конкурс жариялады

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Алматыдағы «Абай ұлттық мектебінің» басшысы қызметіне конкурс жариялады. Үміткерлерге қойылатын талаптар мен болашақ директордың жалақысы да белгілі болды, деп жазады Democrat.kz.

Министрліктің ресми хабарламасына сәйкес, бос тұрған директор лауазымына педагогикалық еңбек өтілі кемінде бес жыл, оның ішінде соңғы екі жылда педагогикалық қызмет атқарған азаматтар үміткер бола алады. Сондай-ақ орта білім беру ұйымы басшысының орынбасары қызметінде кемінде бір жыл жұмыс істеген болуы шарт.

Болашақ директор мектептің даму стратегиясын айқындап, оқу бағдарламаларының орындалуын қадағалайды, педагогикалық ұжымды басқарады және кадрлық, қаржылық, әкімшілік мәселелерге жауап береді.

Конкурс жарияланған «Абай ұлттық мектебі» Алматы қаласының Бостандық ауданында орналасқан. Бұл білім ордасы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуға, дарынды балаларды қолдауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Мектепте 7–11-сынып оқушылары білім алады.

Назар аударарлығы, директордың орташа лауазымдық жалақысы 286 939 теңге деп көрсетілген. Алайда министрлік нақты мөлшер қызметкердің еңбек өтіліне байланысты өзгеруі мүмкін екенін ескерткен.

Конкурсқа қажетті құжаттар 2026 жылғы 2–10 қараша аралығында қабылданады.

Үміткерлер өтінішін, түйіндемесін, еңбек өтілі мен білімін растайтын құжаттарын ka.idrisova@edu.gov.kz электрондық поштасына жолдай алады.

Анықтама телефоны: 8 (7172) 74-18-73.

Мектептің мекенжайы: Алматы қаласы, А. Асқаров көшесі, 47.

Конкурстың өтетін күні мен уақыты қосымша хабарланады.

Барлық жаңалықтар