Зейнет жасы қайта көтеріледі: Қазақстандық әйелдерді үлкен өзгеріс күтіп тұр

Зейнет жасы қайта көтеріледі: Қазақстандық әйелдерді үлкен өзгеріс күтіп тұр

Қазақстанда әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайтуға қойылған уақытша шектеудің мерзімі аяқталуға жақын. 2028 жылдан бастап әйелдер зейнетке бұрынғыдан кеш шыға бастайды. Ал 2031 жылы олардың зейнет жасы ерлермен теңеседі, деп жазады Democrat.kz.

Қазір Қазақстанда ерлер 63 жаста, ал әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Әйелдердің зейнет жасын көтеруге енгізілген мораторий 2027 жылдың соңына дейін күшінде болады.

Lada.kz мәліметінше, 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын алты айға ұлғаяды.

Жаңа кесте мынадай:

  • 2026–2027 жылдары – 61 жас;

  • 2028 жылы – 61 жас 6 ай;

  • 2029 жылы – 62 жас;

  • 2030 жылы – 62 жас 6 ай;

  • 2031 жылдан бастап – 63 жас.

Осылайша, қолданыстағы заңнама өзгермесе, 2031 жылдан бастап Қазақстанда әйелдер мен ерлер бірдей жаста зейнетке шығатын болады.

Алайда кейбір санаттағы азаматтарға зейнетке ертерек шығу мүмкіндігі сақталады.

Мәселен, бес және одан көп бала туған немесе асырап алып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасында зейнетке шыға алады.

Сондай-ақ Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен, заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтар үшін жеңілдетілген тәртіп қарастырылған.

Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті қаражаты бар азаматтар зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Бұл жағдайда ерлер 55 жастан, әйелдер 53 жастан бастап сақтандыру компаниясынан төлем алу мүмкіндігіне ие.

2026 жылы зейнетақы қанша?

Биыл Қазақстанда мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болып белгіленген. Ал жасына байланысты зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге.

Дегенмен бұл көрсеткіштер барлық зейнеткердің бірдей көлемде ақша алатынын білдірмейді. Нақты төлем азаматтың еңбек өтіліне, бұрынғы табысына, зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне және БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты есептеледі.

Ең бастысы, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы шешім жаңадан қабылданып отырған жоқ. Бұл – бұған дейін заңда бекітілген, бірақ уақытша тоқтатылған кезеңдік өзгерістің жалғасы.

Демек, алдағы екі жылдан кейін зейнетке шығуды жоспарлап жүрген әйелдер өздерінің туған жылы мен айына сәйкес зейнеткерлікке шығу мерзімін алдын ала нақтылап алғаны жөн.

Барлық жаңалықтар