"Үлкен өзгеріс ендіреміз": Вице-президент Ерлан Қарин маңызды мәлімдеме жасады

"Үлкен өзгеріс ендіреміз": Вице-президент Ерлан Қарин маңызды мәлімдеме жасады

Биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың ешкімге берілмеуі қоғамда түрлі пікір туғызды. Осыған байланысты Вице-президент, мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия төрағасы Ерлан Қарин қабылданған шешімнің себебін түсіндіріп, алдағы уақытта марапаттау тәртібіне түбегейлі өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Ерлан Қариннің айтуынша, комиссия отырысында әдебиет, театр, музыка және бейнелеу өнері салалары бойынша конкурстың екінші кезеңіне өткен жеті жұмыс қаралған. Алайда олардың ешқайсысы комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие болмаған.

«Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деді Ерлан Қарин.

Вице-президент конкурсқа қатысқан үміткерлердің барлығы құрметке лайық екенін, олардың ұлттық руханиятқа қосқан үлесін жоққа шығармайтынын атап өтті. Дегенмен мемлекеттік сыйлықтың тағдырын белгілі бір адамның атақ-абыройы немесе қоғамдағы беделі емес, ұсынылған шығарманың көркемдік және шығармашылық құндылығы шешуге тиіс екенін жеткізді.

«Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған жоқ. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды», – деді ол.

Ерлан Қарин бұған дейін де лайықты жұмыс табылмағандықтан мемлекеттік сыйлық берілмеген жағдай болғанын еске салды.

Мәселен, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың жоқтығына байланысты берілмеген.

Вице-президенттің пікірінше, мемлекеттік марапаттау жүйесінің талаптары мен тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі қажет.

Ол әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығының жас мөлшеріне немесе мерейтойға емес, жаңалық пен жаңашылдыққа байланысты берілетінін мысалға келтірді.

«Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз», – деді Ерлан Қарин.

Осылайша, биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмейтін болды. Ал комиссия отырысында жұмыстарды бағалау шарттарын қайта қарау, сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және конкурстық іріктеу рәсімдерін жүйелеу ұсынылды.

Мемлекеттік сыйлықтың берілмеуі ұсынылған туындылардың көркемдік құндылығы жоқ деген түпкілікті тұжырым емес. Ресми түсіндірмеге сәйкес, шешім комиссия мүшелерінің дауыс беру қорытындысына байланысты қабылданған.

Ендігі мәселе – жарияланған реформаның нақты қандай талаптар мен бағалау өлшемдеріне негізделетіні. Өйткені мемлекеттік сыйлықтың беделі оны кім алғанымен ғана емес, қандай еңбегі үшін және қаншалықты әділ іріктеу арқылы алғанымен өлшенеді.

Барлық жаңалықтар