Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин қоғамда діни шектеулерді өзгелерге таңуға және радикалды көзқарастарды насихаттауға жол бермеу қажеттігін мәлімдеді. Ол музыкаға тыйым салуды, әйелдер мен ерлерді бөлек отырғызуды талап ететін ұстанымдардың қауіпті салдары болуы мүмкін екенін ескертті, деп жазады Democrat.kz.
Ерлан Қарин Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін атап өтіп, қоғамға діни талаптарды күштеп таңуға бағытталған әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қою қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, бүгін музыканы харам санап, ерлер мен әйелдердің бөлек отыруын талап ететіндер ертең қоғамдық өмірдің өзге салаларына да шектеу енгізуге ұмтылуы мүмкін.
«Мұндай әрекеттерге бірден тойтарыс беру керек», – деді Ерлан Қарин.
Вице-президент зайырлылық қағидаты Қазақстан қоғамының барлық мүшесіне ортақ болуы қажет екенін жеткізді.
Мәселенің мәні тек музыкада немесе той өткізу тәртібінде емес. Әңгіме азаматтардың жеке таңдау еркіндігі, әйелдердің құқықтары және қоғамда діни көзқарастың заңнан жоғары қойылуына жол бермеу туралы болып отыр.
Бұған дейін Түркістан облысының Жетісай қаласында өткен тойлардың бірінде ер адам музыканы және өнер адамдарын айыптап, әйелдер мен ерлердің бөлек отыруы қажеттігін мәлімдеген болатын. Оның сөздері әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды.
Аталған оқиғаға құқық қорғау органдары да назар аударды. Ішкі істер министрлігі ер адамның жария мәлімдемесінен діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру белгілері байқалғанын хабарлап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Ерлан Қарин де осы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, әйелдердің қадір-қасиетін кемсіту, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою Қазақстанның зайырлы мемлекеттік қағидаттарына қайшы келетінін айтқан еді.
Оның ұстанымынша, мемлекет пен қоғам үшін басты бағдар – Конституция және ел заңдары. Азаматтардың діни сенім бостандығы құрметтелуге тиіс, алайда бір адамның діни түсінігі бүкіл қоғамға міндетті ереже ретінде таңылмауы керек.
Бұл мәселеде маңызды құқықтық шекара бар: әр азаматтың сенім ұстануға, діни көзқарасын білдіруге құқығы бар. Бірақ сенім бостандығы басқа адамдарды кемсітуге, олардың құқықтарын шектеуге немесе діни алауыздықты қоздыруға негіз бола алмайды.
Сондықтан Ерлан Қарин көтерген мәселе Қазақстанның зайырлы болашағына тікелей қатысты.
Музыканы тыңдау немесе тыңдамау, діни талаптарды ұстану немесе ұстанбау – адамның жеке таңдауы. Ал сол таңдауды өзгелерге міндеттеу, қоғамның барлығын бір ғана діни түсінікке бағындыру мүлде басқа мәселе.
Қазақстанда заң үстемдігі сақталуы үшін мемлекет азаматтардың ар-ождан бостандығын да, өзге адамдардың құқықтарын да бірдей қорғауға тиіс.
Ерлан Қариннің ескертуі қоғам алдына маңызды сауал қойып отыр: бүгін жеке адамның еркіндігіне қойылған шектеуге үнсіз қарасақ, ертең сол шектеу қалыпты қоғамдық талапқа айналып кетпей ме?