"Арыздасу, бақұлдасу": Ахметбек Нұрсила елге аманатын жариялады

"Арыздасу, бақұлдасу": Ахметбек Нұрсила елге аманатын жариялады

Белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила 65 жасында өмірдің өткіншілігі, адамдық парыз бен ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы тебіреністі жазба жариялады. Ол ақыл-есі мен денсаулығы дұрыс кезінде соңғы аманатын қалдыруды жөн көргенін айтып, өткен өміріне көз жүгіртті, деп жазады Democrat.kz.

«Мен ақыл есім дұрыс, жазуға мүмкіндігім бар, санам тұнық, аман-сау кезімде аманатымды жазып қояйын деп шештім», – деп бастады Ахметбек Нұрсила жазбасын.

Оның мұндай шешім қабылдауына жақында естіген бір оқиға әсер еткен.

Қоғам белсендісінің айтуынша, танысының әкесі өмірден өтер алдында балаларына соңғы тілегін жеткізуге тырысқан. Сөйлеуге шамасы келмеген қария бір баласына екі алақанын, екіншісіне бес саусағын көрсеткен. Кейін балалары мұны әкелерінің өмірден өтер күнін ишарамен білдіргені деп түсінген.

Осы оқиға Нұрсилаға өз әкесінің тағдырын еске түсірген.

«Әкем марқұм алпыс бес жасында инсульт алып, тілінен айырылып, арыздаса да, бақұлдаса да алмай кетті», – деп жазды ол.

Ахметбек Нұрсила биыл 65 жасқа толғанын, осы жасқа келгенде өмірдің қадірін бұрынғыдан тереңірек түсіне бастағанын айтады.

«Адам өмір бойы дүние жинайды, мал жинайды, атақ жинайды, абырой жинайды. Бірақ сол жинағанының бәрін бір күндік өмірге айырбастай алмайтын сәт келеді», – дейді ол.

Жазбасында кәсіпкер өзінің балалық шағына да тоқталған. Сегіз жасында Зейнел апасының тәрбиесіне берілгенін, он бір жасынан бастап ересектермен бірге еңбек еткенін еске алды.

Ол балаларына бөліп беретіндей қыруар дүние жинамағанын, есесіне оларды оқытып, еңбекке баулып, өмірден өз орындарын табуға тәрбиелегенін жеткізді.

«Оларға бөліп беретіндей қыруар дүние-мүлік жинаған жоқпын. Бірақ оқыттым, еңбекке баулыдым, өмірден өз орындарын табуға жол көрсеттім. Менің қалдыратын дүнием сол», – деп жазды Ахметбек Нұрсила.

Қоғам белсендісі өмірден өткен соң қайда жерленетінін, зиратының қандай болатынын балаларына міндеттемейтінін де атап өтті.

Оның басты аманаты – ұрпағының адал еңбек етіп, бір-біріне сүйеу болуы және ата-анасының атына кір келтірмеуі.

«Ұлдарым, немерелерім, келешекте дүниеге келетін шөберелерім мен шөпшектерім «Ахметбек Нұрсила деген атамыз болыпты» деп еске алғанда, ұялмай, мақтанышпен айтатындай өмір сүрсем, мен үшін осының өзі үлкен мұра», – деді ол.

Жазбасының соңында Ахметбек Нұрсила қалған ғұмырын мәнді өткізіп, ауырмай, қиналмай өмірден өтуді тілейтінін жеткізген.

«Мен осы жасқа аман-есен жеткеніме дән ризамын, жаратушы алда қаншама өмір берсе оның әр күнін сый деп қабылдаймын», – деп түйіндеді ол.

Ахметбек Нұрсила бұл жазбаны жақындарымен қоштасу үшін емес, өлімнің өмірдегі табиғи құбылыс екенін мойындау арқылы уақыттың және адамдардың қадірін түсіну қажеттігін жеткізу үшін жазғанын арнайы түсіндірген.

Оның аманатының негізгі мәні де осы: адамның артында қалатын ең бағалы мұра – жинаған байлығы емес, адал аты мен жасаған жақсылығы.

Барлық жаңалықтар