«Бұл — мұғалімдерді мазақ ету, қорлау, кемсіту ғой!» дейді білікті ұстаз Мира Барказатқызы

0
2826

Білім саласы Қазақстанда жыры бітпейтін, былығы күн санап көбейіп жатқан салаға айналып барады. Әр келген жаңа министр өз «жаңалықтарын әкеліп» білім саласының дөрекі түрде айтқанда, дал-дұлын шығаруда. 

Осыған дейін Білім министрі болған кісілерді еске алғанда, әрқайсысының «айды аспанға шығаруға» жанталасқан тірліктерін байқайсыз. Бірі — үштілділік деп ұрандатты, енді бірі — мұғалімдерге қырғидай тиіп, күн көрсетпеді. Кейбірі қазақ тарихында «түк бітірмеген министр» атымен қалды.

Қазіргі Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзге әріптестерінен несімен ерекшеленді? Жаңа министр келіп, білім саласында нендей өзгерістер болды?

Ғани Бейсембаев министр креслосына отыра салып, ә дегеннен аттестация мәселесін қолға алған-ды.

Мұғалімнің біліктілік дәрежесін анықтайтын бұл аттестация шебер дәрежесіндегі мұғалімді — зерттеушіге, ал зерттеушіні — шеберге айналдырып, ұстаздар қауымын әрі-сәрі етті.

Сондай жағдайға тап болған, бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған, тәжірибелі, білікті, ерекше сауатты мұғалім Мира Барказатқызы биылғы аттестация нәтижесінде шебер санатындағы мұғалімнен зерттеуші санатына түсіріліпті.

Білікті ұстазбен болған сұхбатымызда аттестация және басқа да білім саласындағы түйткілдер сөз болды.

Ғани Бейсембаевтың «жаңалықтары»

Мира апай, сіздің әлеуметтік желідегі жазбаңызды оқып, арнайы хабарласып отырмыз. Жазбаңызда мұғалімдердің біліктілігін бағалау аттестациясының биыл әділ өтпегені туралы айтыпсыз. Осы мәселені тарқатып айтып бересіз бе? 

— Аттестация әділ өтпеді. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Мәселен, аттестация бағалау критерийлеріне сай болып тұрса да, біздің жұмыстарымыз бағаланбағанын байқап отырмыз. Оның бір себебі, порталда шеберлерге берілген жұмыстардың дұрыс сараланбағаны, дұрыс қаралмағаны байқалады.

Сонда сіздердің порталға жүктеген еңбектеріңіз қабылданбаған ба, әлде дұрыс баға бермеген бе?

-Сарапшылар дұрыс бағаламаған. Оған себеп — порталға жүктеу лимиті төмен болды. Құжаттарымыз өте ұсақталып, сығымдалды.

Бәлкім содан болса керек, құжаттар дұрыс ашылмай, бағасын да дұрыс ала алмаған сияқты. Қазір қарасақ, «аттестация туралы» бөлім жоқ. Берілген аттестация парағымызға комиссия өкілдері кері байланыс жасамай, бірден бұйрық шығарған.

Аттестация басталар-басталмас, әр санаттағы мұғалімдер үшін әлеуметтік желілерде арнайы топтар ашылмаушы ма еді? Сол топтарда мәселелеріңізді талқыламадыңыздар ма?

-Алматы қаласындағы модератор, зерттеуші, сарапшылар деген қаланың өзі белгілейтін  топта комиссия мүшелері аттестатталушы мұғалімдермен әр кезде кері байланыс жасап, қай құжатында кемшілік болса, соны қайта жасатып отырды.

Мысалы, халықаралық байқауға қатысқаны туралы құжаты жоқ десе, бірден соны жүктеді. Өкінішке қарай, шебер мұғалімдермен ондай кері байланыс орнатылмады.

Мейлі, кері байланыс болмасын. Алайда портфолионы бағалау парағы бойынша менде бәрі түгел бола тұра, сондай-ақ 148 балл шығып тұрғанына қарамастан, мені шебер деңгейінен зерттеуші деңгейіне неге түсірген?

Бұл қалай? Сіз сияқты басқа да осындай жағдайға тап болған ұстаздар бар ма? 

-Мен сияқты осылай ұстаздық деңгейі түсірілген басқа да мұғалімдер бар. Меніңше, сарапшылар бізден авторлық бағдарламаны іздеген сияқты.

Ал біздің қолымызда авторлық бағдарлама деңгейіндегі Алтынсариннің бағдарлама жасаушылар құрамында болғанымыз туралы министрліктің анықтамасы авторлық бағдарлама дәрежесіне тең болатын.

Менде ондай анықтаманың екеуі бар. Бұл анықтамалар — авторлық бағдарламаның орнына жүреді. Алайда неге екені белгісіз, мені шебер санатынан зерттеуші санатына түсіріп тастаған.

Алматыға келгенінде министрлік өкілі Наталья Жұмаділдаеваға арнайы жолығып, аттестациядағы кейбір пункттердің дұрыс емесін айттым.

Ол «өзгертеміз» деп уәде берді. Өзгерткендері — зейнет жасындағы және зейнет жасына 4 жыл қалған мұғалімдерді тесттен босатты.

Сондай-ақ бұл категориядағы мұғалім әрі қарай жұмысын жалғастыратын болса, бұған дейінгі алған санаты сақталатын болды. Сол өзгертілген ережеге сай, мен аттестацияның тек партфолиосын ғана тапсырған болатынмын.

Өмірін ұстаздыққа арнаған кісінің санатын төмендету…

Сізді бұл санатқа нақты қандай критерийлерге сүйеніп бекіткен?

-Маған нақты қандай критерий бойынша бұл санатты бекіткендерін біле алмай отырмын. Қолымда өз тәжірибеммен бөлісу жөніндегі халықаралық сертификатым, еліміздің үш облысында тәжірибеммен бөлісу жұмыстарын жүргізген анықтамам бар.

Мұнан да бөлек түрлі жетістіктерімнің айғағы боларлық анықтама құжаттарым бар. Түсінбегенім, атқарған жұмыстарыма берілген осындай бағалаулардың ешбірі назарға алынбағаны ма?

Аттестация ережесінде санатты бұлай өзгерту туралы бап бар ма?

-Жоқ, аттестация ережесінде мұғалімді шебер деңгейден зерттеуші деңгейге түсіру туралы ешқандай пункт жоқ. Ал бізді жоғары деңгейден қалай ең төменгі деңгейге түсіріп отырғанын түсіне алар емеспіз.

Ғани Бейсембаев қызметіне кіріскен сәтте осы аттестация ережелерін өзгертуді қолға алған еді. Сол өзгертудің мұғалімдерге тиімді жақтары болды ма?

-Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың республика бойынша мұғалімдердің аттестациядан өту кезеңін бір жарым жылға шегеріп, жасаған аттестациялық ережесі мұғалімдер үшін тиімді болмады.

Бұл бар болғаны министрдің  мұғалімдерге амбициясын көрсетуіне тиімді болған сыңайлы. Мен сияқты қаншама ұстаз осындай әділетсіздіктің салдарынан қаншама жылғы еңбегі желге ұшып кеткендей күйге түсті.

Біліктілік санаты түссе, мұғалімнің бала оқыту әдісі де өзгере ме?

— Шебер санатынан зерттеуші деңгейіне түстім екен деп, оқушыларымызға беретін білімнің дәрежесін өзгертіп, төмендетпейтініміз анық.

Себебі жылдар бойы жинақталған тәжірбиеге сүйеніп, бала оқыту қағидасын бұрынғыдан да биік белеске көтермесек, төмендетпейтініміз сөзсіз.

Десек те, өмірімізді арнаған білім саласындағы ұстаздық дәрежеміздің бұлай аяқ астынан төмендетілуі — көңілімізге қаяу түсірді.

Жеке деректер әлемді шарлап жүр

Өз санатыңыздың өзгергені туралы құжат жеке кабинетіңізге келді ме? Себебі, кей мұғалімдер порталдағы «аттестация» бөлімінің мүлде ашылмай тұрғанын айтуда.   

-Аттестация қорытындысының бұйрығы қолдан-қолға көшіп, ел ішін аралап жүр. Бұл қалай? Аттестациялық комиссияның шешімі де, бұйрық та әркімнің жеке электронды кабинетінде тұруға тиіс.

Ал біздің жеке деректеріміз қолдан-қолға өтіп, әлеуметтік желілерді шарлап жүр. Бұл азаматтардың жеке деректерін жарияға салу, құқық бұзу емес пе?

Бұйрықтың бұлай қолдан-қолға таратылуы — мұғалімдерді сыйламау, мансұқтау, кемсіту, мазақ ету, қорлау деп білемін.

Ғани Бейсембаев әр сөзінде білім сапасын көтеру бағытында жұмыс атқарып жатқанын айтады. Министрліктің білім сапасын көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар көңіл көншітерлік пе? 

-Ғани Бейсембаев министр болып келгенде екі нәрсені қолға алды. Біріншісі — аттестация ережесін жаңалады. Бірақ бұл мұғалімдерге тиімсіз болды.

Аттестацияның сарапшылар құрамының компетенттігінің төмен екені байқалады. Олар аттестация ережелерінің әрбір пунктін білмейтін сияқты.

Министрдің екінші қолға алған жұмысы — білім сапасын көтерем деп «Нысаналы мектеп» жобасын енгізді. Министрдің осы екі жұмысы да қазір қоғамды дүр сілкіндіріп отыр.

Біз уақыт жоғалтып жатырмыз. Себебі біз жеті жылдан бері жаңартылмаған оқулықты пайдаланып отырмыз. Осы мәселені кезек күттірмей шешудің орнына Ғани Бейсембаев білім сапасын көтерудің басқа, керексіз жолдарын қолға алды.

Министрдің осы екі жұмысы да сәтсіз шықты. Сондай-ақ бұл жобалар өте төмен деңгейде жасалғаны үшін, ұстаздар қабылдай алмай отыр.

Сұхбаттасқан — Меруерт ХУСАИНОВА.

Democrat.kz.

Фото Мира апайдың жеке мұрағатынан алынды.