Асқар Мәминнің ҚТЖ басшылығындағы сегіз жылы ұлттық компания толық тұралатып кетті деп хабарлайды Ertenmedia.
Осы кезеңде ҚТЖ триллиондаған қарызға батып, темір жол саласындағы стратегиялық маңызы зор активтер қолдан қолға өткен.
Компанияның локомотив құрастырудан бастап, астық тасымалына дейінгі маңызды секторы шетелдік серіктестерге сатылып кеткен.
Сөй деген қоғам белсендісі Елмар Құсайынов экс-премьердің КТЖ-ны басқарған жылдардағы қызметіне қатысты тың деректерді бөлісті.
Пікірінше, Назарбаевтың сенімді серігі саналған Мәминнен қалған «мұраның» зардабын Қазақстан әлі ұзақ уақытқа дейін тартатын болады.
Оның айтуынша, Мәмин басқарған 2008-2016 жылдар аралығында мемлекет ұлттық компанияның бірқатар ірі активтерінен айырылып қалған. Атап айтқанда, ресейлік «Трансмашхолдинг» ҚТЖ-ның басты активі Локомотив құрастыру зауытының 50 пайызын иеленсе, кейін Электровоз құрастыру зауыты акциясының 25 пайызы француздың «Alstom Transport SA» компаниясына берілген.
Сол кезеңде «Қамқор Локомотив» пен «Қамқор вагон» компаниясы жекешелендіріліп, соңында Құлыбаевқа жақын құрылымдардың бақылауына өткен.
Бұған қоса, Мәмин тұсында «Транпорттың сервис орталығы" компаниясы Қайрат Сатыбалдының меншігіне берілген. Кейін компанияның 629 теміржол торабын заңсыз иеленгені анықталып, активтер мемлекетке қайтарылған еді. Сатыбалды тарифтерді негізсіз өсіргені үшін сотталған болатын.
Одан бөлек, 2014 жылы ҚТЖ мен Әлия Назарбаеваға қатысы бар «Instant Payments» ЖШС арасында келісім жасалған. Компания сатылған әр билеттен комиссия ұстап келген. Бұл шарт тек 2022 жылы ғана бұзылды.
Экономист Олжас Құдайбергеновтың есебінше, Мәмин басқарған жылдары ұлттық компания 2 триллион теңгеден аса қарызға батқан. Осы кезеңде ҚТЖ табысты қызметінен емес, сырттан алынған кредит есебінен көрсетіп келген.
2013 жылы «Қазтеміртранс» пен ресейлік «Русагротранс» бірігіп, «Астық-Транс» компаниясын құрып, әрқайсысы оған 1500 вагоннан берген. Арада бір жыл өткенде қазақстандық тарап акциясының барлығын ресейлік серіктесіне сатып жіберген. Нәтижесінде, Қазақстанның стратегиялық маңызы зор астық тасымалы нарығы толықтай ресейлік компанияның қолына өткен.
2019 жылы «Астық-Транс» акциясы офшорлық Malesto Investments компаниясына сатылып кеткен. Биылғы есеп бойынша, Қазақстанның астық тасымалындағы «Астық-Транс» үлесі 89,5 пайызға жеткен.
"Бұрынғы премьерден қалған мұраның зардабын толық бағалау үшін ондаған, тіпті жүздеген қылмыстық істің томдары да жеткіліксіз. Қазақстан стратегиялық маңызы жоғары активтерінен айырылып, темір жол саласын толықтай ақсатып алды", - дейді Елмар Құсайынов.