"Мұғалімдер есеңгіреп қалды, тозды, шаршады" дейді ардагер ұстаз

"Мұғалімдер есеңгіреп қалды, тозды, шаршады" дейді ардагер ұстаз
Ел ішінде мұғалімнің  "жалақысы өте көп, бітіріп жатқан түгі жоқ" деген жаңсақ түсінік бар. Осы мәселеге байланысты ардагер ұстаз Мира Барказатқызы тарқатып айтып берді деп жазады Democrat.kz.
 
"Қоғам мұғалімнің жалақысы көп деп ойлайды. Себебі өткен жылы сынып жетекшіге 30% қосылады деді, бірақ көк тиын да қосылған жоқ.
 
Оның қосылмайтынын есті жандар сол сәтте-ақ білді. Пиар үшін айтылған сөз еді. Сол сияқты айтып алып, айлыққа қосылмайтын дүние көп.
 
Мұғалімдерді “қарық” қылған ешкім жоқ. Жаңартылған бағдарламаға 30,50 % төленетіні рас. Ол тек 17500 теңгеге ғана есептелетінін әркім біле бермейді.
 
Шындығында, Жаңартылған бағдарламаның атқаратын міндетіне қарай мұғалім бір сыныпта 15 оқушымен 16 сағатпен жұмыс жасауы керек. Бағдарламаны қабылдаған соң, мемлекет соған тиісті іс-шараны жоспарлауы үшін Бағдарлама авторлары кіріс пен шығысты да есептеп ұсынбаған.
 
Өкінішке орай, Бағдарлама қабылданғанымен, оны жүзеге асыратын қадамдары дұрыс жоспарланбаған, сондықтан олардың қосқан 30,50 пайыздары мұғалімдердің қыруар еңбегін ақтамады.
 
Мұғалімдерге жұмыс көлеміне сай еңбекақы төленген емес. Сондықтан да жұмыстың сапасы жоқ. Менің ұсынысым:мұғалім 16 сағат сабақ берсін, оған 32 сағатқа ақы төленсін. Бұл - оның 16 сағат сабаққа дайындалатын еңбегі.
 
Әріптесім Ақмарал Шатемірқызы орынды мәселе көтеріп отыр. Оқушы санын әр сыныпта 16 -дан асырмасын. Міне, сонда жаңартылған білім нәтиже береді. Сонда ешкім сағатқа таласпайды. (Қаптаған мұғалім жұмыс таппай жүргені тағы бар) 8 сағаты бар, оған тағы 8 сағат дайындалған еңбегі.
 
Қазір ЖИ қолдану керек, қазір БЖБ, ТЖБ құрастыру керек, инклюзивке тапсырма, деңгейлік тапсырма жасауы керек, оның бәрін тексеріп, нәтижесін оқушыға беруі керек, түрлі әдіс-тәсіл таңдауы керек, оның бәрін ЖИ арқылы жетілдіріп, қызықтыруы керек.
 
Бұрынғы 30%- ды инфляция жұтып қойды. 50% қосылатындар зейнетке шығып болды. Оны да барлық мұғалімге төлемейді. Өзі мұғалімдер де сортталып кеттік қой: “нысаналы” , “келешек” деп.
 
Нысаналылар екі жыл бойы сарсаңға түсіп курс оқыды, тест тапсырды. Жақсы нәтиже көріп тұрған жоқпыз. Қайта мұғалімдер есеңгіреп қалды.
 
Моральдық жағынан тозды, шаршаңқы. Сабақ, білім берейін деген ықылас, ниет деген жоқ. “Аттестациядан қалай өтемін” деп қобалжу басым.
 
“Бағдарлама жазамын, конкурсқа қатысамын” деп келсін-келмесін шапқылап жүр. Күніне екі-үш мұғалімнің авторлық бағдарламасына кеңес беремін.
 
Олардың қалпын байқасам, сабақ беру жайына қалған. Бірен-саран өтіп алғандары “шаршадық, демаламыз” деген кейіпте. Екі жылдан соң, тағы тыпырлайды" дейді Мира Барказатқызы.
Барлық жаңалықтар