Бірі мамандығын тастап кетіп жатыр. Екіншісі мектепте қалғанымен, бұрынғыдай бала оқытуға құлшынысы жоқ. Психолог әлеуметтік желіде мұғалімдердің эмоционалдық күйзелісі туралы маңызды мәселе көтеріп, оның қауіпті салдарына назар аударды, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде психолог psy.strelchenko мұғалімдердің кәсіби күйзелісі мен мектептен кету себептерін талдаған жазба жариялады. Ол мысал ретінде Астанадағы 33 жастағы Махаббат Дасбулатованың оқиғасын келтірген.
Психологтің айтуынша, өмірін білім саласына арнаған Махаббат бір сәтте мектептен кетіп, мүлде басқа салада жұмыс істеуге шешім қабылдаған.
Маман мұндай шешімді әлсіздік немесе мамандыққа опасыздық деп қабылдауға болмайтынын айтады. Керісінше, бұл адамның психологиялық саулығын сақтап қалуға бағытталған әрекеті болуы мүмкін.
«Махаббат сияқты маман мектептен кетуге шешім қабылдаса, бұл өз кәсібіне опасыздық жасау емес. Бұл – психиканың өзін-өзі сақтау механизмі», – дейді психолог.
Оның түсіндіруінше, мұғалімдердің кәсіби күйзеліске түсуінің басты себептерінің бірі – жұмсаған күш-жігері мен алатын нәтижесінің арасындағы алшақтық.
Педагог бар уақытын, білімін, күш-қуатын оқушыға арнайды. Алайда оның орнына үздіксіз тексеріс, қағазбастылық, шексіз талаптар мен еңбегін бағаламау жағдайларына тап болуы мүмкін.
Психолог мұндай жағдай ұзаққа созылса, ұстаздың кәсіби қызметінің мәні жоғала бастайтынын ескертеді.
Ең қауіптісі – мектептен кете алмай, амалсыз жұмысын жалғастырып жүрген мұғалімдердің жағдайы.
Маманның пікірінше, мұндай педагогтерде эмоционалдық қажу мен немқұрайлылық пайда болуы мүмкін. Олар бірте-бірте оқушыларға жанашырлық танытуға, балалардың жетістігіне қуануға, олардың мәселесіне көңіл бөлуге күш таппай қалады.
Ал ұзақ уақыт жиналған ашу мен күйзеліс кейде оқушыларға бағытталған дөрекі сөздер, мысқыл, айқай және орынсыз кінәлау түрінде көрініс беруі ықтимал.
Бұл әрбір қажыған мұғалім балаларға дөрекілік көрсетеді деген сөз емес. Алайда кәсіби күйзелістің оқыту сапасына және мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер ету қаупі бар.
«Мектепке жаны тірі, өз ісіне берілген ересектер керек. Бірақ жүйе оларды әбден қажытып жіберсе, мұғалімнен жалындап жұмыс істеуді талап ете алмаймыз», – деп жазады психолог.
Ол мамандықты ауыстыруды да, мектепте қалып, өзінің кәсіби және жеке шекарасын қайта белгілеуді де педагогтің таңдауы деп есептейді.
Бұл мәселе Қазақстандағы білім жүйесі үшін де өзекті. Соңғы уақытта мұғалімдер әлеуметтік желіде бітпейтін есеп, түрлі тексерістер, электронды платформалар, ата-аналар тарапынан қысым және мектеп әкімшілігінің талаптары туралы жиі шағымданып жүр.
Осындай жағдайда ұстаздың жұмыстан кетуі тек бір маманның жеке шешімі болып қала ма? Әлде білім жүйесіндегі қордаланған мәселелердің белгісі ме?
Психологтің жазбасы маңызды сауал туғызады: мектепте мұғалімдердің саны ғана емес, олардың психологиялық жағдайы мен жұмыс істеуге деген ынтасы да назарға алынуы керек емес пе?
Өйткені кәсіби тұрғыдан әбден қажыған мұғалімнен сапалы білім беруді талап ету мәселені шешпейді. Ал тәжірибелі педагогтердің мектептен кетуі білім жүйесінің кадрлық әлеуетіне де әсер етуі мүмкін.