Мектепте оқушының бағасы біліміне емес, ата-анасының талабына қарай қойылатын жағдайлар бар ма? Әлеуметтік желіде педагогтің осы мәселеге қатысты жазбасы қызу талқыланып, мұғалімдер ата-аналардың қысымы мен бағалаудағы әділетсіздік туралы ашық айта бастады, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде өзін мұғалім ретінде таныстырған азамат оқушының бағасын ата-анасының мінезіне қарап көтеруге болмайтынын мәлімдеді.
«Ұрып кетсеңдер де айтамын – 2. Ата-анасы айқай екен деп 3 қоятын баланың бағасын 4-5-ке көтеруді қою керек. Айқай ұзаққа созылмайды. Өтірік баға қою біраз жылдарға созылуы мүмкін», – деп жазды педагог.
Бұл пікір мектептердегі бағалау жүйесінің ең осал тұстарының бірін қозғады. Автордың айтуынша, кейде мұғалім оқушының нақты білімін бағалаудан бұрын ата-анасының наразылығын, мектеп басшылығының реакциясын ойлауға мәжбүр болады.
Жазба астында өзге педагогтер де осыған ұқсас жағдайларды баяндаған.
«Мектепте сондай бір ата-ана бар. Біз білім бөліміне де барып, ол оқушының беске тұрмайтынын дәлелдедік. Ата-анасы бір күнге сегіз деген балл алса, айқай шығарып жетіп келеді. Сол айқайымен баласына тек бес қойдырып, үздік қылып отыр. Не істеуге болады?» – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір мұғалім ата-аналардың талаптарынан бөлек, мектеп басшылығының ықпалын да сөз етті.
«Айналайын, нерв талшықтарым не восстанавливаются. Қолдайтын басшылық болса, бір сәрі. Сол баға өмірлік маңызды болса, қойып берем. Түнде тыныш ұйықтағым келеді. Директор қашан шақырады екен деп дірілдемей», – дейді ол.
Ал тағы бір педагог оқушының тоқсандық бағасын шығарған кездегі ішкі арпалысын жеткізген.
«Басында төртке келіп тұрған. Ал орта буынға көшкенде үшке түсті. Не қоясың оған? Не жазбаша, не ауызша жоқ. Өзіңді тағы кінәлайсың, мүмкін, мен баланы аша алмадым деп», – деп жазған мұғалім.
Пікірталаста бағалаудың объективтілігімен қатар, ата-аналардың жауапкершілігі де көтерілді.
«Баланың болашағы үшін баға емес, тәрбие маңызды екенін ата-аналар түсінбейінше, бұл жағдай азаймайды», – деген пікір айтылды.
Дегенмен желідегі бұл мәлімдемелер нақты мектептерде бағаны заңсыз көтеру фактілері дәлелденгенін білдірмейді. Алайда олар педагогтердің бағалау кезінде қандай қысымға тап болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Мұндағы ең маңызды мәселе – бағаның өзінде ғана емес, оның шынайылығында. Білімі үштікке жететін оқушыға ата-анасының талабымен бес қойылса, баланың біліміндегі олқылық жасырылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жоғары баға оқушының жетістігін емес, мектеп пен ата-ана арасындағы жанжалды болдырмаудың амалына айналады.
Оқушының білімін бағалау мұғалімнің кәсіби шешімі болуы керек. Бірақ сол шешімі үшін педагог үнемі шағымнан, басшылықтың қысымынан қорқатын болса, әділ бағалау туралы талаптың өзі әлсірейді.
Ендеше, мектепте мұғалімнің қойған бағасын кім және қандай негізде өзгерте алады? Ата-ананың наразылығы мен педагогтің кәсіби шешімі қай жерде ажыратылуы керек? Ал білімін дәлелдемеген балаға жоғары баға қойылған жағдайда оның салдарына кім жауап береді?