Үкімет Қазақстанда спутниктер мен олардың құрамдас бөлшектерін бірлесіп өндіру мүмкіндігін шетелдік компаниялармен талқылады. Бастама ғарыш саласындағы отандық өндірісті дамытуға және жаңа технологияларды ел ішінде игеруге бағытталған, деп жазады Democrat.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкентте өткен инвестициялық форум аясында CONTEC компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар спутниктер мен олардың бөлшектерін өндіру, жерүсті инфрақұрылымын дамыту және кейбір өндірістік үдерістерді Қазақстанға көшіру мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесуде спутниктік деректерді жасанды интеллект арқылы өңдеу, қазақстандық мамандарды даярлау және бірлесіп шығарылған өнімді шетелдік нарықтарға экспорттау мәселелері де көтерілді.
Бұдан бөлек, Алматы облысында ірімшік өндіретін зауыт салу жобасы талқыланды. Solico Group компаниясы жүзеге асырып жатқан жобаның инвестициялық құны шамамен 45 млрд теңге, жылдық өндірістік қуаты 41 мың тонна деп жоспарланған. Кәсіпорынды 2029 жылы іске қосу көзделіп отыр.