"Бөксесін бұлтыңдатып": Мұғалімнің сыныптағы әрекеті жұртты шулатты

"Бөксесін бұлтыңдатып": Мұғалімнің сыныптағы әрекеті жұртты шулатты

Түркістандық жас мұғалімнің сабақ үстінде түсірген видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оқушылардың алдында билеп, дене қимылын көрсеткен ұстаздың әрекеті көпшіліктің ашуын туғызды. Желі қолданушылары педагогикалық әдеп мәселесін көтеріп, Оқу-ағарту министрлігінің назар аударуын талап етті, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде coupletwiix парақшасының иесі «Тоқсанның аяқталуымен, әріптестер» деген жазбамен сыныпта түсірілген видео жариялады.

Бейнежазбада мұғалім оқушылардың алдында билеп, жамбасын қимылдатып тұрғаны көрінеді. Ал балалар парталарында отырып, өз жұмыстарымен айналысуда.

Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды.

«Осылар оқушыларға қандай білім, тәрбие береді? Шошаңдап, кө...ді көрсету ғана біледі. Парақшасы түгелдей өзін көрсету мен шошаңдауға арналған. Білім беруге қатысты ешқандай мақсат жоқ», – деп сынады желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір оқырман мұғалімнің әрекетін орынсыз деп бағалаған.

«Мектепте не ойлап жүреді осындай апайлар? Бұлай киінбейтін еді. Мынау енді артық», – деп жазды ол.

Пікір білдірушілердің бірі Оқу-ағарту министрлігін белгілеп, мұғалімнің педагогикалық әдеп талаптарын сақтауына қатысты мәселе көтерді.

«Педагогикалық этика деген бар. Бұл видео қандай мақсатта түсірілген? Назар аударсаңыздар!» – делінген пікірде.

"Бөксесін бұлтыңдатып..." деген пікір де бар. 

Дегенмен ұстазды жақтағандар да табылды.

«Мен, керісінше, осындай мұғалімдер жұмысын сүйіп атқарады деп ойлаймын. Ал жұмысынан ләззат алатын мұғалімнен жаман оқушы шықпайды», – деп жазды желі қолданушысы.

Тағы бір пікірде мұғалімнің әлеуметтік желі жүргізуіне тыйым салуға болмайтыны, алайда мектеп оқушылары қатысқан жағдайда педагогикалық әдеп сақталуға тиіс екені айтылған.

Осылайша жас ұстаздың бейнежазбасы мұғалімнің әлеуметтік желідегі еркіндігі мен мектептегі кәсіби жауапкершілігінің шекарасы қайда деген мәселені қайта көтерді.

Әзірге бейнежазбаның қай мектепте түсірілгені және мектеп әкімшілігінің бұл жағдайға қатысты ұстанымы белгісіз. Сондай-ақ педагогтің әрекетіне ресми құқықтық немесе тәртіптік баға берілгені туралы ақпарат жоқ.

Барлық жаңалықтар