Шымкентте өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable форумында жалпы сомасы 4,8 млрд долларға бағаланған келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Жобалар өндіріс, медицина, білім беру және цифрлық инфрақұрылым салаларын қамтиды, деп жазады Democrat.kz.
Форумға 40 елден инвесторлар қатысқан. Келісімдердің қатарында 650 млн долларға бағаланған халықаралық медициналық қалашық салу жобасы және 500 млн долларлық, қуаты 250 МВт деректер орталығын құру бастамасы бар.
Сонымен бірге Түркістан облысында 111,1 млн долларға ет кластерін құру, Астанада британдық білім беру үлгісіне негізделген университет кампусын салу және Қызылорда облысында полипропилен қаптарын өндіретін зауыт ашу жобалары қарастырылған.
Қол қойылған меморандумдар инвестициялық жобаларды іске асыруға негіз қалыптастырады. Дегенмен келісімдердің жалпы сомасы барлық қаражат бірден экономикаға құйылды дегенді білдірмейді: жобалардың әрқайсысы қаржыландыру, құрылыс және іске қосу кезеңдерінен өтуі қажет.