Атыраудың бас жоспары өзгертіледі: қалада жаңа аудандар мен әлеуметтік нысандар жоспарланған

Атыраудың бас жоспары өзгертіледі: қалада жаңа аудандар мен әлеуметтік нысандар жоспарланған

Атыраудың жаңа бас жоспары бойынша қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу әзірге қарастырылмайды. Ал ұзақ мерзімді даму жобасында қала аумағын кеңейтіп, жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік инфрақұрылым салу көзделген, деп жазады Democrat.kz.

Жоспардың бірінші кезеңі 2032 жылға, ал есептік мерзімі 2040 жылға белгіленген. Қала аумағына Еркінқала, Тасқала, Жанаталап, Қызылбалық, Құрманғазы, Амангелді, Дамба және Бесікті елді мекендерін біріктіру ұсынылып отыр.

Жоба аясында қосымша 114 балабақша мен 88 жалпы білім беретін мектеп салу көзделген. Қазір қалада 201 балабақша мен 82 мектеп жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жаңа жолдар, автомобиль көпірлері мен көлік айрықтарын дамыту, медициналық және әлеуметтік нысандар салу жоспарланған.

Қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу мәселесі де талқыланған. Алайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген заң талаптары бойынша облыстық маңызы бар қалада аудан құру үшін халық саны 400 мыңнан асуы, ал әр ауданда кемінде 200 мың тұрғын болуы керек. Қазіргі уақытта бұл талаптар толық орындалмай отыр.

Жоба әзірге түпкілікті бекітілген жоқ. Жыл соңына дейін жобалау жұмыстарын аяқтау, стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу және қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланған. Саяжай аумақтарының барлығы бірдей жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесіне ауыстырылмайды.

Барлық жаңалықтар