2026 жылдың басынан бері мемлекеттік жұмыспен қамту шаралары арқылы мүгедектігі бар 10,8 мың азамат жұмыс тапқан. Олардың бір бөлігі тұрақты қызметке орналасса, енді бір бөлігі мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына қабылданған, деп жазады Democrat.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 1 қазандағы жағдай бойынша мансап орталықтарына жұмысқа орналасуға көмек сұрап 29,5 мың адам жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысқан.
Жұмысқа орналасқандардың 5,1 мыңы тұрақты қызмет тапқан. Ал 5,4 мың адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан. Олардың қатарында қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, «Жастар практикасы» және «Күміс жас» жобаларына қатысқандар бар.
Бұдан бөлек, биыл 578 адам жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алған. 243 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы да кәсіпкерлік негіздерін үйренуге мүмкіндік берілген.
Заңнамаға сәйкес, 50 немесе одан да көп қызметкері бар ұйымдарға мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қызметкерлердің жалпы санының 2–4 пайызы мөлшерінде квота белгіленеді. Бұл тетік азаматтардың еңбек нарығына қатысу мүмкіндігін арттыруға арналған.