Қазақстанда 142 көпір апатты жағдайда тұр

Қазақстанда 142 көпір апатты жағдайда тұр

Елдегі 142 көпір апатты жағдайда деп танылған, тағы 420 көпірдің жай-күйі қанағаттанарлықсыз. Депутаттар әсіресе ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жол қатынасының тұрақтылығына алаңдап отыр, деп жазады Democrat.kz.

Құрылтай депутаты Тұрарбек Тлемісовтің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда жалпы 3 623 көпір болған. Оның 1 488-і республикалық маңызы бар жолдарда, ал 2 135-і жергілікті жолдарда орналасқан.

Апатты деп танылған 142 көпірдің 141-і жергілікті жол желісіне тиесілі. Қызылорда облысында 87, Түркістан облысында 50 көпір апатты жағдайда екені айтылды. Ал Ұлытау облысында 24 көпірдің 21-і, Батыс Қазақстан облысында 51 көпірдің 44-і қанағаттанарлықсыз күйде.

Депутаттың сөзінше, кейбір ауылдар үшін мұндай көпірлер аудан орталығына, мектепке немесе ауруханаға қатынайтын жалғыз жол болуы мүмкін. Көлік инфрақұрылымындағы ақаулар қозғалыс қауіпсіздігіне ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне де әсер етеді.

Көлік министрлігі 2027–2031 жылдарға арналған көпірлерді түгендеу және жаңғырту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Алайда депутат жергілікті жолдардағы көпірлер мәселесі де кешенді түрде қамтылуы керек екенін көтерді.

Барлық жаңалықтар