«Мұғалімдерді шатастырып біттіңдер!»: ҚМЖ-дағы жаңа талап ұстаздардың ашуын туғызды

«Мұғалімдерді шатастырып біттіңдер!»: ҚМЖ-дағы жаңа талап ұстаздардың ашуын туғызды

Мұғалімдердің күнделікті сабағын жоспарлауға қатысты түсіндірмелер педагогтер арасында тағы да дау туғызды. Ұстаздар қысқа мерзімді жоспардағы өзгерістердің бірізді еместігіне наразы болып, жауапты мекемелерге сұрақ қойып жатыр, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде қысқа мерзімді жоспарды (ҚМЖ) толтыру тәртібіне қатысты пікірталас қызды. Педагогтер сабақ жоспарына құндылықтарды, дескрипторларды және бағалау тәсілдерін қалай енгізу керектігі туралы қарама-қайшы түсіндірмелерден шаршағандарын жеткізді.

Facebook қолданушысы Жанаргүл Сағынбай ҚМЖ үлгісіне қатысты тараған түсіндірмеге наразылық білдіріп, Оқу-ағарту министрлігі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына сауал жолдады.

«Мынау қай уақытта шыққан жаңалық? Дескриптор бағалауға жатпай ма? Баланың әрекеті болса да, бағаланатын әрекеті осы емес пе? 10 ұпай сол дескриптордан шықпай ма? Бұл қалай? Мұғалімдерді неменеге шатастырып жүрсіздер?» – деп жазды ол.

Педагогтің айтуынша, тараған хабарламада №130 бұйрыққа сәйкес ҚМЖ үлгісінде сабақ мақсатының астында құндылықтарға арналған жеке графа жоқ екені, мұның №123 бұйрықтағы өзгерістерге байланысты түсіндірілгені айтылған.

Сондай-ақ дескриптордың «Оқушы әрекеті» бағанына жазылатыны, ал бағалау бөлімінде бағалау түрі мен қажет болған жағдайда бағалау әдісі көрсетілетіні хабарланған.

Алайда Жанаргүл Сағынбай мұндай бөліністің қисындылығына күмән келтіреді. Оның пікірінше, дескриптор оқушының әрекетін сипаттап қана қоймай, сол әрекетті бағалаудың нақты өлшемі қызметін атқарады.

«Бұл шаблонды өзгертіңіздер. Сабақтың барысы мен бағалау бағаны жарайды. Ресурсты бірден арасына жазып кету керек. Құндылық сабақ барысына түсу керек те, дескриптор бағалауда тұру керек», – деп ұсынды педагог.

Жазба астындағы пікірлерде өзге мұғалімдер де ҚМЖ-ны толтыру тәртібіне қатысты талаптардың жиі түсіндіріліп, өзгертіліп отыратынын сынға алды.

«Дескриптордың ҚМЖ-дағы орнын анықтамай-ақ қойды, біресе бағалауға жазылады, біресе оқушы әрекетіне жазылады. Ол жетпегендей құндылықтарды қай бөлімге жазарымызды білмей дал болдық», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Тағы бір педагог сабақтың мақсаты мен тақырыбы белгілі болған жағдайда мұғалімге жоспарды өз әдістемелік ұстанымына сай құрастыру еркіндігін беру қажеттігін айтты.

Оның пікірінше, сабақтың сапасы мұғалімнің шығармашылығына, оқушының танымдық белсенділігіне және тақырыпты меңгеру деңгейіне байланысты. Ал жоспардағы мәліметтің қай бағанға жазылғаны білім нәтижесінің басты өлшеміне айналмауға тиіс.

Пікірталаста оқу-әдістемелік түсіндірмелердің бірізділігіне де назар аударылды. Мұғалімдер құжаттағы талаптар өзгерген сайын оларды қайта меңгеруге, жоспарларын түзетуге уақыт жұмсайтынын алға тартып отыр.

Бұл жерде басты мәселе дескриптордың қай бағанда орналасуында ғана емес. ҚМЖ үлгісіне қатысты ресми талап пен әдістемелік ұсынымның ара-жігін нақты ажырату қажеттігі туындап отыр.

Егер бір құжатқа қатысты әртүрлі түсіндірме берілсе, мұғалім қай нұсқаны басшылыққа алуы керек? Ал мектеп әкімшілігі ҚМЖ-ны тексерген кезде педагогтің жұмысын қандай талапқа сүйеніп бағалайды?

Әлеуметтік желіде жарияланған түсіндірменің қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкестігін жауапты мекемелер нақтылап бергені маңызды. Өйткені әдістемелік ұсынымды міндетті құқықтық талаппен шатастыру мұғалімдерге қосымша жұмыс жүктеуі мүмкін.

Осыған байланысты педагогтер Оқу-ағарту министрлігі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясынан ҚМЖ-ны толтыру тәртібіне қатысты нақты әрі бірізді түсіндірме күтеді.

Барлық жаңалықтар