«Мұғалімді оқушыға айдап салатын басшылық бар»: Мектептегі былық туралы ащы пікірлер айтылды

«Мұғалімді оқушыға айдап салатын басшылық бар»: Мектептегі былық туралы ащы пікірлер айтылды

Ұстаздардың қорғансыздығы туралы мәселе көтерілгеннен кейін көпшілік мектептегі көзге көрінбейтін келеңсіздіктерді ашық айта бастады. Әсіресе, педагогтерге қысым көрсететін басшылар, мұғалімдер арасындағы буллинг пен ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты пікірлер қоғамдағы күрделі қайшылықтарды көрсетті, деп жазады Democrat.kz.

Democrat.kz сайтында жарияланған «Оқушым мені буындырды, әріптесімді ұрып тастады»: Қазақстандық мұғалімдердің жанайқайы жүректі ауыртты» атты материалдан кейін мектептегі зорлық-зомбылық пен ұстаздардың құқығын қорғау мәселесі қызу талқылана бастады.

Аталған тақырыпқа қатысты Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Өмір Шыныбекұлы да пікір білдіріп, мұғалімнің қауіпсіздігі, педагогтің кәсіби жауапкершілігі, ата-ана тәрбиесі және мектеп басшылығының міндеттері туралы көлемді жазба жариялаған болатын.

Осы жазбаның астында қалдырылған пікірлер білім саласындағы мәселенің мұғалім мен оқушы арасындағы жанжалдан әлдеқайда тереңде жатқанын аңғартты.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі мектеп басшылығының өз қызметкерлеріне көрсететін қысымы туралы мәлімдеді.

«Мұғалімдер арасында буллинг өршіп тұр қазір. Мұғалімге оқушыны айдап салып отыра беретін басшылық бар. Ұстазға құрметсіздік көрсеткеніне көз жұмып қарап, өз еркімен жұмыстан шығып кетуін қамтамасыз ететін. Білім сапасы ешкімге қызық болмай қалды», – деп жазды ол.

Бұл пікір мектеп ішіндегі еңбек қатынастарына қатысты маңызды мәселені көтереді. Егер педагогке қысым жасалды деген шағым рас болса, мұндай әрекет тек жеке қызметкерлер арасындағы келіспеушілік емес, білім ордасындағы басқару мәдениеті мен еңбек құқықтарының сақталуына қатысты мәселе.

Тағы бір желі қолданушысы мұғалімнің беделінің төмендеуіне бүкіл білім беру жүйесінің ықпалы бар екенін алға тартқан.

«Ұстазды құрметтемеу дағдыға айналуда. Себеп біреу: жемқорлық, сыбайластық, жасанды елбасы үйреткен жүйе кінәлі, екіншісі», – деп жазды ол.

Бұл – пікір иесінің жеке бағасы. Дегенмен оның сөзі білім жүйесіндегі әділдік пен қоғамның ұстаздарға деген сенімі туралы сұрақтарды алға шығарып отыр.

Ал өзге пікір иесі мәселенің түп-тамырын отбасындағы тәрбие мен әлеуметтік жағдайдан іздейді.

Оның айтуынша, көптеген ата-ана тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін шетелге жұмыс істеуге кетіп, балалардың тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмауы мүмкін.

«Оқушылардың тәрбиесі отбасынан басталады. Қазір көпшілік ата-аналар әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін өзге елге жұмысқа барады. Кейін үйдегі бала шаға тәрбиесіз өседі. Ол тәрбиесіз бала бірінші мектептің проблемасы болады», – деп жазды желі қолданушысы.

Ол баланың есейгеннен кейінгі мінез-құлқына да отбасы мен қоғамдағы жағдай әсер ететінін айтып, әлеуметтік мәселелер шешілмесе, тәрбиеге қатысты қиындықтардың жалғасуы мүмкін екенін ескертті.

Осы пікірлерден үш маңызды мәселе байқалады.

Біріншісі – мектеп басшылығы мен педагогтердің арасындағы қарым-қатынас. Мұғалімге қысым жасалса, оның шағымын кім қарайды және оны басшылықтың ықтимал қысымынан кім қорғайды?

Екіншісі – мұғалімнің қоғамдағы беделі. Ұстазды құрметтеуге шақырған ұрандар мектептің өз ішінде педагогтің құқығы сақталмаса, қаншалықты нәтижелі болмақ?

Үшіншісі – бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілік. Отбасы, мектеп және қоғам бір-біріне кінә артумен шектелсе, оқушының мінез-құлқы мен тәрбиесіне қатысты мәселені кім шешеді?

Әлеуметтік желідегі бұл пікірлер нақты мектептердегі заң бұзушылықтың дәлелі бола алмайды. Алайда олар педагогтердің қауіпсіздігі мен мектептегі басқару мәселесіне қоғам тарапынан алаңдаушылық бар екенін көрсетеді.

Мұғалімдердің қорғансыздығы туралы мәселе осылайша мектеп әкімшілігінің жауапкершілігіне, ата-аналардың тәрбиелік міндетіне және білім беру жүйесіндегі әділдік мәселесіне ұласып отыр.

 

Барлық жаңалықтар