Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматында міндетті пәндер болмайтыны туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әсіресе Қазақстан тарихының тағдыры көпшілікті алаңдатқан. Бірі мұндай өзгерісті ұлттық санаға қауіп деп санаса, енді бірі тарихты тест арқылы оқыту тиімділігіне күмән келтірді. Алайда ресми деректер жұрт талқылап жатқан ақпараттан өзгеше болып шықты, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ҰБТ-ның жаңа форматында негізгі пәндер болмайтыны айтылған. Осы ақпаратты бөліскен желі қолданушысы Қазақстан тарихының тестілеуден алынуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген.
«Қазақстан тарихын біліп жатқандардың саны аз. Енді оны ҰБТ-дан да алып тастаса, оқушы осы пәнді оқиды деп ойлайсыз ба? Елдің тарихын білмей, оны зерттемей, қалай еліміз қалыптасқанын түсінбей, қалай мықты ұрпақ тәрбиелемекпіз?!» – деп жазды ол.
Жазба астында пікірталас өрбіген.
«Тарихты білмей өткендi тану, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын», – деген пікір білдірген қолданушылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы тарихтың ұлттық құндылықтардың бірі екенін айтып, оны міндетті түрде оқыту қажеттігін көтерген. Алайда ол оқушылар жаттайтын даталардың санын азайтып, негізгі тарихи оқиғаларға көбірек көңіл бөлуді ұсынған.
Ал қарсы пікір білдірушілер тарихты ҰБТ-да тапсыру оқушының ұлттық санасы мен отансүйгіштігінің кепілі бола алмайтынын алға тартты.
«1040 сан мен тарихи оқиғаны жаттап алу тарихты білу деген сөз емес. ҰБТ сұрақтары оқушыларды тарихты тереңірек түсінуге ынталандырмайды, керісінше, дұрыс жауаптарды жаттап алуға итермелейді», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Өзге қолданушы да оқушы химия мен биологияны таңдап, болашақ мамандығын сол бағытпен байланыстырса, негізгі уақытын бейіндік пәндерге жұмсағаны дұрыс екенін айтқан.
Бірақ бұл пікірмен келіспегендер де бар. Олардың пайымынша, тарихты ҰБТ-дан алып тастау оқушылардың аталған пәнге деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін.
Осылайша пікірталаста екі түрлі мәселе айқын көрінді. Біріншісі – ұлттық тарихты білудің маңызы. Екіншісі – сол тарихи білімді тест арқылы бағалаудың тиімділігі.
Ал ресми ақпаратқа сүйенсек, әзірге Қазақстан тарихын ҰБТ-дан алып тастау туралы шешім жоқ.
Ұлттық тестілеу орталығының 2026 жылғы 18 қыркүйектегі хабарламасында 2027 жылғы талапкерлер бұрынғыдай үш міндетті және екі бейіндік пән тапсыратыны көрсетілген. Қазақстан тарихынан 20, оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан 10 тапсырмадан қарастырылған.
Демек, әлеуметтік желіде қызу талқыланған мәлімдеме қазіргі бекітілген тестілеу тәртібін білдірмейді.
Соған қарамастан бұл пікірталас білім саласындағы маңызды мәселені ашып отыр: оқушының тарихи білімін оқиғалар мен даталарды жаттау арқылы ғана бағалау жеткілікті ме?
Өйткені тарихты білу – белгілі бір жылдарды есте сақтау ғана емес, оқиғалардың себеп-салдарын түсіну, тарихи деректерге сыни көзқараспен қарау және елдің өткенінен қорытынды шығара алу.
Ал ҰБТ форматы болашақта өзгеретін болса, Қазақстан тарихының орны қандай болатыны жұртшылыққа алдын ала әрі нақты түсіндірілуге тиіс.