Әлеуметтік желіде мұғалімдердің басынан өткен жан түршігерлік оқиғалар жарияланды. Бірін оқушы тұншықтырған, екіншісін жұдырықпен ұрған, үшіншісін балағаттап, қорлаған. Ұстаздардың жазбалары бүгінгі мектептегі мұғалімнің қорғансыз жағдайын тағы да күн тәртібіне шығарды, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде мұғалімдер өздерінің кәсіби қызметі барысында бастан өткерген ауыр жағдайларын бөлісіп жатыр.
Пікірталасқа түрткі болған жазбалардың бірінде педагог өзін он жастағы оқушының сабақ үстінде тұншықтырғанын мәлімдеген.
«Мені 10 жастағы оқушым сабақ кезінде артымнан келіп, екі-үш минуттай тұншықтырған. Басқа оқушының көмегі арқасында тірі қалдым. Ол мені қорғап, өмірімді сақтап қалды», — деп жазған ұстаз.
Бұл мәлімдеме мектептегі педагог қауіпсіздігі мәселесін ерекше өткір көрсетіп отыр. Алайда оқиғаның ресми тіркелгені және мән-жайы туралы қосымша дерек ұсынылмаған.
«Төртінші сынып оқушысы арқамнан тоқтаусыз ұрды»
Тағы бір педагог бастауыш сынып оқушысынан физикалық күш көргенін айтқан.
«Мені төртінші сыныптың оқушысы аяқ астынан арқамнан екі қолымен тоқтаусыз ұрып тастаған. Сол кезде шыдай алмай, көзіме жас келіп, жылап жібердім», — деп жазды ол.
Басқа мұғалім де оқушының қол көтергенін еске алған.
«Екінші сыныпта бір оқушым ауыр қолдарымен арқамнан ұрған. Өте тентек, бағынбайтын бала еді. Бесінші сыныпта дәл сол бала алдыма қайта келді. Ол кезде мен жас маман емес едім, бәрі басқаша болды», — деген пікір қалдырған.
Ал жүкті кезінде оқушыдан жәбір көргенін айтқан ұстаздың жазбасы тіпті ауыр.
«Жүкті кезімде бір оқушы қолымды бұрап, шымшып, қатты тырнап алған», — деп бөліскен ол.
«Оқушы бетіме балағат сөз айтып, үйімнің алдында күтті»
Мұғалімдерге көрсетілетін қысым тек физикалық әрекеттермен шектелмейтіні де айтылды.
Пікір қалдырған педагогтердің бірі сегізінші сынып оқушысының өзін ауыр сөздермен қорлағанын жеткізген.
«Былтыр сегізінші сынып оқушысы мені балағаттады. Анасын шақыртып, арыз жаздым. Ол кешірім сұрап, жылады. Мен кешірмеген едім. Кейін үйіме келіп жылап, үйімнің алдында түн ортасына дейін күтті. Ақыры кешірдім. Бірақ сол оқушыны көрсем, әлі күнге дейін ашуым келеді», — деп жазды ол.
Тағы бір мұғалім сабақ үстінде оқушының әдепсіз ишара көрсеткенін, ал басқа баланың өзіне дөрекі сөйлегенін айтқан.
Ал бесінші сынып оқушыларымен болған жағдайды баяндаған ұстаз балаларға бір-бірімен сыйластықта болуды түсіндірген кезде күтпеген жауап естіген.
«Мен оларға бір-біріңе мейірімді болыңдар, балағат сөз айтпаңдар, біз бір отбасымыз дедім. Сонда олар көзіме қарап тұрып: "Сіз жалғыз тұрасыз, отбасыңыз жоқ. Сондықтан бізді өз отбасыңыз деп атайсыз", — деді», — деп жазды ол.
Педагог сол сәтте не жауап берерін білмей қалғанын жеткізген.
«Түнгі төртте жұмыстан шығып, таңғы сегізде қайта келдім»
Жазбаларда оқушылардың әрекетімен қатар мектеп басшылығы тарапынан көрген қысым туралы да айтылған.
Бұрын мемлекеттік мектепте жұмыс істегенін айтқан мұғалімнің бірі басынан өткен жағдайды былай баяндаған:
«Мемлекеттік мектепте істегенімде өзіме қатысты талай ауыр сөз естідім. Оқушылардың көзінше айқайлап ұрысатын. Түнгі төртте жұмыстан шығып, таңғы сегізде қайта келетінмін. Бүкіл жұмысымды атқарсам да, басшылықтан еститін сөзім "Бұл — сенің жетістігің емес" дегенге саяды», — деп жазған ол.
Ұстаз қазір басқа мамандыққа ауысуға дайындалып жүргенін, мемлекеттік мекемелердегі жұмыстан көңілі қалғанын жеткізген.
Осыған ұқсас пікір білдірген тағы бір қолданушы мұғалім мамандығы болса да, мектепке жұмысқа орналасуға батылы жетпейтінін айтқан.
«Мұғалімнің де жаны бар емес пе?»
Жарияланған оқиғаларға қарағанда, педагогтер сабақ беру кезінде оқушылар тарапынан балағат сөз, психологиялық қысым және физикалық күш көрсету жағдайларына тап болғандарын айтып отыр.
Бірі оқушыдан таяқ жегенін, енді бірі қорланып, көз жасына ерік бергенін, үшіншісі ұзақ уақыт бойы мектептегі қысымнан шаршағанын жеткізген.
Бұл жазбалар мектептегі тәртіп мәселесінің тек оқушы тәрбиесіне ғана емес, мұғалімдердің еңбек қауіпсіздігі мен кәсіби абыройына да тікелей қатысты екенін көрсетеді.
Әрине, аталған оқиғалардың мән-жайы тәуелсіз тексерілген жоқ. Дегенмен бір-біріне ұқсас мұндай шағымдардың жариялануы педагогтердің қорғаныс тетіктері туралы маңызды сауал туғызады.
Балаға білім беруге келген мұғалім өзінің қауіпсіздігі үшін алаңдауға мәжбүр болса, ол қандай жағдайда сапалы сабақ бере алады?
Мұғалім оқушыны тәрбиелеуге, білім беруге міндетті. Бірақ бұл оның балағат сөз естуге, таяқ жеуге немесе психологиялық қысымға төзуге тиіс екенін білдірмейді.
Ең маңыздысы — мектеп әр бала үшін де, әр мұғалім үшін де қауіпсіз орта болуы керек.