БЖБ мен ТЖБ мұғалімдердің де, оқушылардың да жүйкесін жұқартты

БЖБ мен ТЖБ мұғалімдердің де, оқушылардың да жүйкесін жұқартты

«Бір тоқсанда үш БЖБ! Ал жаңа тақырыпты қашан оқытамыз?» Қазақстандық мұғалімдер мектептегі бағалау жүйесіне қатысты тағы да дабыл қақты. Олардың айтуынша, бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарының көптігі сабақ уақытын қысқартып, оқушылардың білімді терең меңгеруіне кедергі келтіріп отыр. Ұстаздар бағалау жүйесінің тиімділігін қайта қарауды талап етуде, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде химия пәнінің мұғалімі 2017 жылдан бері қолданылып келе жатқан жаңартылған білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесіне қатысты өткір пікір жариялады.

Педагогтің айтуынша, оқушының білімін бағалау үшін бірнеше тәсіл енгізілгенімен, олардың нақты тиімділігі жеткілікті сараланбаған.

«2017 жылдан бастап жаңартылған білім бағдарламасы деп бағалаудың жаңа түрін енгізді. Бір оқушыны бағалау үшін үш жақсы бағалау жүргізіледі. Оның оң тұстары мен теріс тұстарын ешкім зерттеп, бағалаған жоқ», — деп жазды ол.

Автор әсіресе химия пәніндегі БЖБ санының көптігін сынға алған.

«Химия пәні бойынша айтар болсам, ең көп БЖБ саны біздің пәнде. Бір тоқсанда 3 БЖБ. Кейбір пәндерде тек 1-еу ғана. Неге сол бағалауға кетірген уақытымызды сабаққа, жаңа тақырыпты меңгеруге, білімді жетілдіруге жұмсамасқа? Жай оқушы мен мұғалім уақытын алу», — дейді ұстаз.

«Аптасына екі сағат химия, бірақ үш БЖБ тапсыру керек!»

Жазба астында өзге педагогтер де бағалау жұмыстарының шамадан тыс көбейгенін айтып, нақты мысалдар келтірген.

«Осы химия пәніндегі БЖБ-ның санын кім жазар екен деуші едім. Осы мәселені көтеру керек. 7-сыныпта 1 сағат оған 2 БЖБ жазамыз, одан бөлек практикалық, зертханалық жұмыстар өз алдына. Басқа сыныптарда аптасына 2 сағат, БЖБ 3+1 ТЖБ. Кім естиді бізді, қайда барамыз?» — деп жазған мұғалімдердің бірі.

Тағы бір педагог сегізінші және тоғызыншы сыныптардағы бағалау жүктемесіне назар аударған.

«8–9-сыныпта 3 БЖБ мен ТЖБ өте көп деп ойлаймын», — деген ол.

Пікір қалдырған тағы бір мұғалім он бірінші сынып оқушыларының бір тоқсанда отыздан астам БЖБ мен ТЖБ орындауы мүмкін екенін айтып, мұндай жүктеменің балаларға ауыр тиетінін жеткізген.

Бұл сандар — педагогтердің өз тәжірибелеріне сүйеніп келтірген мәліметтері. Олардың барлық мектепке бірдей қатысты екені анықталған жоқ.

«Тақырыпты түсіндіріп үлгермей жатып, бағалау басталады»

Мұғалімдердің айтуынша, бағалау жұмыстарының көптігі әсіресе апталық сағаты аз пәндерде қиындық туғызады.

Бірнеше сабақ жаңа материалды түсіндіруге жұмсалса, келесі сабақта оқушының білімін тексеру қажеттілігі туындайды.

«Білімді оқытуға төрт сабақ берілсе, соның соңғы сабағынан БЖБ аласың. Баяу қабылдайтын оқушыларға тіпті қиын. Оның арасында зертханалық және практикалық жұмыстар да бар», — деп жазған педагог.

Ол тоғызыншы сыныпта химия пәнінен бірінші тоқсанда жеті жазба жұмысы болғанын атап өткен: үш БЖБ, үш практикалық жұмыс және бір ТЖБ.

«Арасында көрсетілім мен зертханалық жұмысты қайтіп үлгеріп жатырсыздар? Қағаз қуған әлем болдық. Бұл дұрыс шешім емес. Біржақты шешім керек!» — деп ашынған ол.

Бұл пікірлер бағалау жұмыстарының саны мен пәнді оқытуға бөлінген уақыт арасындағы тепе-теңдікке қатысты маңызды мәселе көтереді.

«Есіл қағаз, есіл еңбек, есіл уақытым!»

Мұғалімдер жиынтық бағалау жұмыстарын өткізудің құжаттық талаптарына да наразылық білдірген.

Пікір иелерінің бірі диктант алу үшін де қосымша қағаз рәсімдеуге тура келетінін айтқан.

«Диктант алсақ та, А4 қағазға алып, мақсаты мен бағалауын шығарып береміз. Шығарып бермесек те, мақсаты белгілі емес пе? Қос бетке жазылған диктант жарамсыз, А4-ке жазылу керек дейді. Неге сонша бюрократия, қағазбастылық? Қалай алсақ та, бастысы алынса, оқушы түсінсе болды емес пе?» — деп сұрайды ол.

Тағы бір педагог:

«Макулатура жасайтын мекеме болып отырмын, кешірім, есіл қағаз, есіл еңбек, есіл уақытым...» — деп қынжылған.

Мұндай шағымдар бағалау жұмыстарының мазмұнымен қатар, оларды рәсімдеу тәртібінің де мұғалімдердің уақытын алатынын көрсетеді.

Білім сапасы бағалау жұмыстарының санымен өлшене ме?

БЖБ мен ТЖБ-ның негізгі мақсаты — оқушының оқу мақсаттарына қаншалықты жеткенін анықтау.

Алайда педагогтер көтерген мәселе бағалаудың қажеттігін жоққа шығару емес. Олар бағалау жұмыстарына жұмсалатын уақыт пен оқытуға бөлінген уақыттың арақатынасын қайта қарауды ұсынып отыр.

Егер оқушы жаңа тақырыпты толық меңгермей тұрып жиі бағаланса, оның біліміндегі олқылықты анықтау мүмкін болғанымен, сол олқылықтың орнын толтыруға уақыт жеткіліксіз болуы ықтимал.

Ал зертханалық тәжірибе мен практикалық жұмыстың маңызы ерекше химия сияқты пәндерде бұл мәселе тіпті өзекті.

Оқушының білімін тексеру маңызды. Бірақ бағалау оқу үдерісінің негізгі мақсатына айналмауға тиіс.

Әлеуметтік желідегі мұғалімдердің жазбалары осы қайшылықты ашып көрсетіп отыр.

Бір жағынан, педагог әр оқушының білімін бағалауға міндетті. Екінші жағынан, сол білімді қалыптастыруға жеткілікті уақыт қажет.

Мұғалімдердің ортақ талабы — жиынтық бағалау жұмыстарының санын, өткізілу жиілігін және құжаттық талаптарын нақты оқу жүктемесіне сәйкес қайта қарау.

Өйткені мектептің басты міндеті — оқушыны қайта-қайта тексеру емес, оған сапалы білім беру.

Барлық жаңалықтар