"Мұғалімдерді қорлаған мектеп": Астаналық бір мектептегі жағдай педагогтардың жан жарасын осып өтті

"Мұғалімдерді қорлаған мектеп": Астаналық бір мектептегі жағдай педагогтардың жан жарасын осып өтті

Астанадағы №119 мектепте жұмыс істеген маман әлеуметтік желіде басшылық пен әріптестерінің қысымына ұшырағанын мәлімдеді. Оның жазбасынан кейін өзге педагогтер де мектептердегі тамыр-таныстық, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және мұғалімдердің құқығының қорғалмауы туралы пікір білдірді, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде өзін спорт шебері, Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері ретінде таныстырған педагог Астанадағы №119 мектепте жұмыс істеген бір жылын баяндады.

Автордың айтуынша, ол 13 жыл өмірін спортқа арнап, балаларды дзюдодан қалалық және республикалық жарыстарға дайындаған. Алайда мектептегі жұмысында мүлде басқа қиындықтарға тап болған.

«Әріптестер тарапынан қысым, орынсыз сөздер, өсек пен әділетсіздікке тап болдым. Мәселені шешу үшін басшылыққа жүгінсем де, көп жағдайда өзімді кінәлі қылып шығаратын», — деп жазды ол.

Педагог балаларды жарысқа дайындап, өз міндетін адал атқаруға тырысқанын, бірақ кәсіби жұмыстан бұрын адамдар арасындағы қарым-қатынаспен күресуге мәжбүр болғанын жеткізген.

«Басшылықтың туыстары мен таныстары бір жерге жиналған»

Жазба авторының ең өткір айыптауларының бірі мектептегі кадр саясатына қатысты.

«Заң бойынша туысты жұмысқа алуға болмайды. Ал бұл жағдай №119 мектепте бір жылдан аса уақыт орын алып келеді. Бұрынғы таныс ұжымдардың бәрі бір жерге жиналып алуы қандай сәйкестік? Немесе астарында үлкен былық жатыр ма?» — деп сұрайды ол.

Автордың айтуынша, мектепке жұмыс істеуге келген мамандарды көпшіліктің алдында кемсіту, олардың дене бітімі мен киіміне қатысты орынсыз пікір айту жағдайлары болған.

Ол сондай-ақ жас мамандардың кәсіби қабілетінен гөрі басшылыққа жақындығы маңыздырақ болып кеткеніне наразылық білдірген.

Дегенмен мектепте заңсыз жұмысқа қабылдау немесе туыстық байланыстар негізінде қызметке орналастыру фактілері болғаны әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Бұл — бұрынғы қызметкердің тексеруді қажет ететін мәлімдемесі.

«Басшының қысымына шыдамаған мұғалімдер кетіп жатыр»

Автордың жазбасына пікір білдіргендердің бірі мектепте басшылықтың туысы қызмет атқаратынын, жас мамандарға уәде етілген жүктеменің берілмегенін мәлімдеді.

«Педагог-ассистент болып бір жыл жұмыс жасап, ақыры басшылықтың әділетсіздігінен кеттім. Ең сорақысы, директордың орынбасарының туған сіңлісі кадр бөлімінде отыр. Уәде етілген сағатты да ала алмадық. Сынып та бермеді. Бірақ сырттан конкурссыз кірген мамандарды көрдік», — деп жазған ол.

Пікір иесі мектепте жұмыс істеуге ниетті болғанымен, қалыптасқан жағдайдан кейін қызметін жалғастыра алмағанын айтқан.

Ал басқа қолданушы жас мамандарға көрсетілетін қысымның көптеген мектепке тән мәселе екенін жеткізген.

«Жастығына қарап басыну, жас маманды менсінбеу көп мектепте бар. Билік мәңгілік емес. Адамды биіктететін атағы мен қызметі емес, әдебі мен әділдігі», — деген пікір білдірген ол.

«Он жыл тәжірибем болса да, мектептен кеттім»

Жазба астында өзінің кәсіби тағдыры туралы бөліскен ұстаздар да бар.

«Ең ауыры сол. Сол себепті де мектептен кеттім. Он жыл тәжірибем бар. Қайтқым да келмейді», — деп жазған педагог.

Тағы бір мұғалім мектепте жұмыс істеуге деген ынтасы жоғалғанын жеткізген.

«Мектеп десе, менде үрей пайда болады. Педагогика бағытында оқығаныма қатты өкінемін. Бағаланбайтын жұмыс, жалақысынан міндеті көп. Енді жоламаспын», — деген ол.

Басқа пікір иесі педагогтердің мектептегі мәселелерді ашық айтуының маңызын атап өткен.

«Мұғалімнің беделіне нұқсан келтіретін, жас мамандарға орынсыз қысым көрсететін басшыларды қатаң жазалау керек. Бұл масқара ғой», — деп жазған ол.

«Балық басынан шіриді»: ұстаздар әділдік сұрайды

Жазба авторы мектеп басшылығының әділетсіз әрекеттері балалардың тәрбиесіне де теріс әсер ететінін айтқан.

«Басшылықтың дұрыс емес әрекеттері үшін неге қарапайым мұғалімдер зардап шегу керек? Әділдік болмаса, балаларға қалай әділ болыңдар деп үйретеміз?» — деп сұрайды ол.

Оның айтуынша, шындықты ашық айтқан педагогтердің қысым көріп, жұмыстан кетуге мәжбүр болуы білім беру саласындағы күрделі мәселелердің бірі.

Автор бір жылдық жұмыс тәжірибесінен кейін мектептен кеткенін, алайда өз мамандығына деген сүйіспеншілігін жоғалтпағанын жеткізген.

«Кейде кету — жеңілу емес. Кейде кету — өз қадіріңді сақтап қалудың ең дұрыс жолы», — деп жазды ол.

Бұл пікірді қолдаған қолданушылар да білім мекемелеріндегі кадр саясатының ашықтығы мен басшылардың жауапкершілігіне назар аудартқан.

Алайда пікірлердің арасында аталған мектеп туралы оң көзқарасын білдіргендер де кездесті. Кейбір тұрғындар оқу орнын таңдағанына өкінбейтінін, басқа мектепке ауысу мәселесін қарастыруға болатынын айтқан.

Сондықтан №119 мектепке қатысты айтылған айыптауларға біржақты қорытынды жасауға болмайды.

Дегенмен жарияланған жазбалар білім беру ұйымдарында қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау, кадрларды іріктеу тәртібінің ашықтығы және басшылық тарапынан көрсетілуі мүмкін қысымды тексеру қажеттігін көтеріп отыр.

Мектептегі әділдік туралы мәселе тек мұғалімнің жұмыс орнымен шектелмейді. Себебі балаларға адалдық пен әділдікті үйрететін ортада педагогтердің өздері әділетсіздікке тап болғанын мәлімдеп жатса, бұл жағдай назардан тыс қалмауға тиіс.

Барлық жаңалықтар