"Министр Сүлейменова басқа әлемде жүр": БжБ кетіп, орнына былық келді ме?

"Министр Сүлейменова басқа әлемде жүр": БжБ кетіп, орнына былық келді ме?

«БЖБ-ны алып тастадық деп, бастауышты тәжірибе алаңына айналдырды ма?»: Ұстаздар жаңа бағалау жүйесіне қарсы шықты

Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ның орнына енгізілген аралық бақылау жұмыстары мұғалімдер мен ата-аналардың наразылығын туғызды. Педагогтер жаңа бағалау тәртібінің бала жасына қаншалықты сәйкес келетінін сұрап, білім саласындағы жауапты мекемелерден түсініктеме талап етуде, деп жазады Democrat.kz.

Facebook желісінде ұстаз Гүлжазира Бекболатқызы «БЖБ-сыз бастауыш» деген тақырыппен жазба жариялап, бастауыш сыныптардағы жаңа бағалау тәртібіне қатысты бірқатар өткір мәселе көтерді.

Автордың айтуынша, бастауыш сыныптарда аралық бақылау жұмыстары енгізілген. Оның аясында қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, жаратылыстану пәндерімен қатар еңбекке баулу, музыка және бейнелеу өнерінен де оқушылардың жұмыстары бағаланбақ.

«Еңбек, музыка, бейнелеу өнері сабақтарынан шығармашылық жұмыс алып, бағалайды екен. Содан өткен аптада қайтадан алмаңдар депті. Бірақ пысық мұғалімдер алып, бағалап тастаған екен», — деп жазды педагог.

Ұстаз жаңа тәртіптің қаншалықты негізделгенін сұраққа алды.

«Бастауыштың баласына да, мұғаліміне де бұл қиын емес пе? Бұл өзі пилоттық жоба немесе апробация ма? Келесі жылы 5–9-сыныптарға да дәл осылай бола ма? Оған зерттеу жүргізілуде ме?» — деп сауал жолдады ол.

«Әлі әріп танымаған бала күрделі тапсырманы қалай орындайды?»

Жазба астындағы пікірлерде де бастауыш сыныптарға енгізілген бағалау тәртібі сынға алынды.

Пікір білдірушілердің бірі әсіресе үшінші сынып оқушыларына берілетін тапсырмалардың күрделілігіне алаңдаған.

«Ағылшынды айтсаңызшы, үшінші сыныпты енді бастаған балаға берілген аралық тапсырмасы БЖБ-дан қиын болып кетті ғой. Ол әлі әріп танымаса, астындағы мәтінді оқып, түсініп жаза ала ма? Кішкене бағдарламаға, жас ерекшеліктеріне қарамайсыңдар ма?» — деп жазған ол.

Тағы бір қолданушы министрлік ұстаздардың пікіріне құлақ аспай отырғанын сынға алған.

«Білгендерін істеп, былықтырып жатыр. Министр басқа измерениеде жүрген сияқты, біздің үнімізді естімейді», — деген пікір қалдырған.

«Бағалау жүйесін өзгерте бергеннен білім сапасы арта ма?»

Гүлжазира Бекболатқызы жаңа бағалау тәртібіне қатысты сұрақтарын Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетіне, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына және Астана қаласының Әдістемелік орталығына бағыттады.

Жазбада ұсынылған кестелерде диктант, мазмұндама, шығарма, жобалық және шығармашылық жұмыстардың өткізілу мерзімдері көрсетілген.

Алайда мұғалімдер бұл тапсырмалардың бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне қаншалықты сәйкес келетінін, сондай-ақ жаңа тәртіптің алдын ала зерттелген-зерттелмегенін сұрап отыр.

Әлеуметтік желідегі жазбалардан аңғарылатыны — педагогтер бағалаудың өзіне емес, оның ұйымдастырылу тәртібі мен оқушыларға түсетін жүктемеге алаңдаулы.

БЖБ мен ТЖБ-ның атауын өзгерту немесе олардың орнына басқа бақылау жұмыстарын енгізу білім сапасын өздігінен арттырмайды.

Ең маңыздысы — бастауыш сыныптағы бала тапсырманы түсініп, өз білімі мен қабілетін көрсете ала ма?

Гүлжазира Бекболатқызы көтерген негізгі мәселе де осы. Ұстаз жаңа жүйенің қандай негізде енгізілгенін, оның тиімділігі қалай бағаланатынын және мұғалімдер мен оқушыларға түсетін жүктеменің ескерілген-ескерілмегенін білгісі келеді.

 

Барлық жаңалықтар