Мұғалімдердің психологиялық жағдайын жасанды интеллект тексереді

Мұғалімдердің психологиялық жағдайын жасанды интеллект тексереді

Енді мұғалімдер мен оқушылардың психологиялық жағдайы тұрақты тексеріліп, алынған мәліметтер жасанды интеллект көмегімен талданады. Жаңа жүйе ұстаздар мен балалардың психикалық саулығын қорғауға бағытталған, деп жазады Democrat.kz.

Өзбекстанда мұғалімдер мен оқушылар жылына кемінде бір рет психологиялық тексеруден өтетін болады. Жаңа жүйе 2026–2027 оқу жылынан бастап балабақшалар мен мектептерге, ал 2027–2028 оқу жылынан бастап колледждерге, техникумдар мен жоғары оқу орындарына енгізіледі деп жоспарланған.

UZ24 таратқан ақпаратқа сәйкес, психологиялық тексерудің нәтижелерін талдауға жасанды интеллект қолданылады.

Тексеру қорытындысы бойынша педагогтер мен білім алушылар үш топқа бөлінеді: психологиялық тұрғыдан тұрақты, психологиялық көмекке мұқтаж және белсенді қолдауды қажет ететіндер.

Психологиялық көмекке мұқтаж деп танылған мұғалімдер мен оқушыларға арнайы психолог бекітіледі. Жүйені енгізу кезінде олардың жеке деректері құпия сақталатыны айтылған.

Жаңа бастама білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмысын күшейтуді де көздейді.

Атап айтқанда, жоғары нәтиже көрсеткен 150 тәлімгер-психологқа біржолғы сыйақы тағайындалады. Оның көлемі ең төменгі еңбекақы мөлшерінің 20 есесіне тең болады.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы психологтер кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға міндеттеледі.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – психологиялық жағдайды бағалауға жасанды интеллектіні тарту. Алайда мұндай технологияның нақты қандай өлшемдерге сүйенетіні, адамның психологиялық жағдайын қаншалықты дәл анықтайтыны және қате қорытынды шығарылған жағдайда қандай шаралар қолданылатыны маңызды мәселе болып отыр.

Өзбекстандағы бұл бастама Қазақстан үшін де қызықты тәжірибе болуы мүмкін. Өйткені елімізде мұғалімдердің шамадан тыс жұмыс жүктемесі, қағазбастылық, мектеп әкімшілігі тарапынан қысым көрсету туралы шағымдар жиі көтеріліп жүр.

Дегенмен психологиялық тексерудің тиімділігі оның мұғалімдерді бақылау немесе жазалау құралына емес, нақты көмек көрсету тетігіне айналуына байланысты.

Барлық жаңалықтар