Қазақстанда бірнеше банк пен микроқаржы ұйымына қарызы бар азаматтарға берешекті бір өтініш арқылы реттеуге мүмкіндік беретін цифрлық платформа жұмыс істейді. Бұл тетік қаржылық қиындыққа тап болған адамдарға кредиторлармен ортақ шешім іздеуге көмектеседі, деп жазады Democrat.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, Finkelisim.kz платформасы арқылы қарыз алушы бірнеше кредиторға жеке-жеке өтініш бермей, бір өтініш жолдай алады. Өтініш тиісті кредиторларға жіберіліп, берешекті реттеу мәселесі бірлесіп қаралады.
Бұл тетікті пайдалану үшін азаматтың кемінде екі кредитор алдындағы төлем мерзімі 90 күннен асып кетуі керек. Жалпы берешек көлемі 150-ден 1 600 айлық есептік көрсеткішке дейін болуы тиіс. Сондай-ақ қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу жөнінде сот актісі немесе өзге де тиісті құжаттар болмауы қажет.
Платформа ипотекалық және автокредиттерге, кәсіпкерлік қызметке байланысты қарыздарға және кейбір басқа санаттарға қолданылмайды. Өтініш беру тегін. Мамандар төлем мерзімі өтіп кеткен жағдайда кредиторларға уақытылы жүгініп, ақылы делдалдардың қызметін қажетсіз пайдаланбауға кеңес береді.