Оқу-ағарту министрлігіндегі кадрлық өзгерістер әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірінен соң бірі қызметінен кеткен комитет басшыларына қатысты жұрт көкейіндегі сауалдарды ашық қоя бастады, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желідегі Pedsovet.kz парақшасы Оқу-ағарту министрлігіндегі үш комитет басшысының қызметінен кеткенін хабарлады.
Жарияланған ақпаратта Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова аталған.
Насымжан Оспанованың комитет төрағасы қызметінен босатылғаны ресми расталды. Алайда ол министрлік жүйесінен кеткен жоқ. 22 қазанда Астана қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Ал Қаныбек Жұмашев пен Серік Әшіровтің қызметтен кетуіне қатысты жарияланған ақпараттың нақты себептері әзірге ашық түсіндірілген жоқ.
Үш маңызды комитет басшысының ауысуы қоғамда түрлі сұрақ туғызды. Әлеуметтік желіде кадрлық өзгерістерді қолдағандар да, министрліктің басқару жүйесіндегі тұрақтылыққа алаңдағандар да бар.
Ақпаратқа қатысты пікір жазушылар оқу жылы басталған маңызды кезеңде жауапты комитеттердің басшыларсыз қалуы алаңдатарлық жағдай екенін жазуда.
Мұндай өзгерістердің жай кадрлық ауыс-түйіс пе, әлде ведомство ішіндегі жүйелі мәселенің белгісі ме екенін сұрағандар да бар.
Бұл сауалдың салмағы ауыр. Өйткені аталған комитеттер орта білімнің сапасына, мектептердегі бақылауға және балалардың құқықтарын қорғауға жауап береді.
Оның үстіне мұғалімдер қағазбастылыққа, бітпейтін тексерістерге, бағалау жүйесіне және мектеп басшыларының әрекеттеріне қатысты шағымдарын тоқтатқан жоқ.
Ендеше, Жұлдыз Сүлейменова басқаратын министрлікте кадрлар неге ауысып жатыр? Қызметтен кеткен басшылардың жұмысына қандай баға берілді? Олардың орнына кімдер келеді? Жаңа тағайындаулар білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге ықпал ете ме?
Әзірге кадрлық өзгерістердің барлығын басшылардың жұмысындағы кемшілікпен немесе министрлік ішіндегі келіспеушілікпен байланыстыруға негіз жоқ.
Алайда қоғамның бұл өзгерістерге қатысты ашық түсініктеме сұрауға толық негізі бар. Өйткені білім саласында басшылардың жиі ауысуынан бұрын, шешілмей келе жатқан мәселелердің тағдыры маңызды.