Оқу-ағарту министрлігіндегі кадрлық өзгерістерге қатысты өткір сұрақтар көтеріле бастады. Әлеуметтік желіде бірінен соң бірі қызметтен кеткен басшылар туралы жазба жарияланып, министрліктегі тұрақтылық мәселесі қоғам талқысына ұсынылды, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде Мейіржан Темірбек Оқу-ағарту министрлігіндегі кадрлық ауыс-түйістерге алаңдаушылық білдіріп, министр Жұлдыз Сүлейменоваға бірқатар өткір сұрақ қойды.
Автордың мәліметінше, қыркүйек айында Орта білім комитетінің басшысы қызметінен босатылған. Дәл сол айда Сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы да орнынан кеткен. Ал жуырда Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы қызметімен қоштасқан.
«Бәрі үш комитет! Үшеуі де бос тұр!» – деп жазды автор.
Мейіржан Темірбек мұндай өзгерістердің жай ғана кадрлық ауыс-түйіс пе, әлде министрлік жүйесіндегі дағдарыстың белгісі ме деген сұрақ көтерді.
Оның пікірінше, оқу жылы басталған ең жауапты кезеңде орта білімге, білім сапасына және балалардың қауіпсіздігіне жауапты негізгі үш комитеттің басшысыз қалуы қалыпты жағдай емес.
«Оқу жылының басында маңызды комитеттердің басшылары неліктен жаппай қызметтен кетті? Бұл өз еріктерімен кеткен қадам ба, әлде жұмыстағы олқылықтар мен жүйемен келіспеушіліктің салдары ма?» – деп сұрады ол.
Автор мектептердегі мұғалім жүктемесі, ұстаздардың жағдайы, балалар қауіпсіздігі мен буллинг мәселелері онсыз да ушығып тұрғанын еске салды.
Ол осындай кезеңде министрлік ішіндегі кадрлық тұрақсыздық оқу үдерісіне қалай әсер ететінін және жаңадан тағайындалатын басшылардың қордаланған мәселелерді шеше алатынына кім кепілдік беретінін сұрады.
«Білім саласы – эксперимент жасайтын алаң емес. Мұндағы әрбір кадрлық шұғыл өзгеріс миллиондаған оқушы мен олардың ата-анасының тағдырына тікелей әсер етеді», – деп жазды Мейіржан Темірбек.
Жазба авторы Оқу-ағарту министрлігі мен министр Жұлдыз Сүлейменованы аталған кадрлық өзгерістердің себептерін халыққа ашық түсіндіруге шақырды.