Өмір Шыныбекұлы: «Қорғансыз мұғалімді кім қорғайды?"

Өмір Шыныбекұлы: «Қорғансыз мұғалімді кім қорғайды?"

Мұғалімдердің оқушылар тарапынан қысым көруі, мектеп басшылығының әрекеті және педагогтердің кәсіби жауапкершілігіне қатысты мәселе қоғам талқысына түсті. Democrat.kz сайтында жарияланған мақалаға пікір білдірген Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Өмір Шыныбекұлы ұстаздарды қорғау мен мектептегі тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты маңызды ұсыныстарын ортаға салды, деп жазады Democrat.kz.

Democrat.kz сайтында 20 қазанда жарық көрген «Оқушым мені буындырды, әріптесімді ұрып тастады»: Қазақстандық мұғалімдердің жанайқайы жүректі ауыртты» атты мақала білім саласындағы күрделі мәселені қайта көтерді.

Мақалада оқушылар тарапынан күш көрсетуге, қорқытуға, қорлауға тап болған мұғалімдердің әлеуметтік желідегі жанайқайы жарияланған болатын.

Осы материалға байланысты Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Өмір Шыныбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында көлемді жазба жариялап, мектептегі қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесін жан-жақты талдады.

«Мұғалім қорғансыз қалса, мектептің болашағы қандай болмақ?» деген сауал көтерген қоғам белсендісі мектептегі жанжалдарды тек оқушының тәрбиесіздігімен немесе ата-ананың жауапсыздығымен түсіндіру жеткіліксіз екенін айтады.

Оның пікірінше, педагогтердің қауіпсіздігіне мектеп басшылығының басқару мәдениеті, мұғалімнің кәсіби даярлығы және білім беру жүйесіндегі талаптар тікелей әсер етеді.

Мұғалімге қысым жасалса, кім қорғайды?

Өмір Шыныбекұлының жазуынша, педагог оқушы тарапынан қорлауға, қоқан-лоқыға немесе күш көрсетуге тап болғанда өзін жалғыз сезінбеуге тиіс.

Егер мектеп әкімшілігі мұндай оқиғаларға әділ баға берудің орнына білім ордасының беделін қорғауды бірінші орынға қойса, мұғалімдердің жүйеге деген сенімі әлсірейді.

Қоғам белсендісі бұл мәселені шешу үшін педагогтерге қатысты күш көрсету мен қысым туралы шағымдарды қараудың бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынады.

«Әрбір шағым тіркеліп, оған жауапты тұлға белгіленіп, қарау нәтижесі өтініш берушіге хабарлануға тиіс», – дейді ол.

Сондай-ақ мұғалімдерге қолжетімді құқықтық көмек көрсету, шағымданған педагогті кейінгі қысымнан қорғау және мектеп әкімшілігінің жауапкершілігін нақтылау қажеттігін атап өтеді.

«Мұғалімді қорғау – оны жауапкершіліктен босату емес»

Өмір Шыныбекұлы мәселенің екінші жағына да назар аударған.

Оның пікірінше, мұғалімнің мәртебесін қорғау оның кәсіби даярлығы мен педагогикалық әдебіне қойылатын талаптарды әлсіретпеуге тиіс.

«Мұғалімнің беделін қорғау – оны жауапкершіліктен босату емес. Оқушының құқығын қорғау – оның тәртіп бұзуына көз жұму емес», – деп жазды ол.

Қоғам белсендісі білім беру жүйесінде жалған дипломмен жұмысқа орналасу немесе біліктілік санатын заңсыз алу фактілері анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдануы қажет екенін айтады.

Алайда мұндай күдік нақты дәлелдер мен құжаттар негізінде тексерілуі керек. Оның сөзінше, мұғалімнің кәсіби деңгейін арттыру мәселесі тек жазалаумен шешілмейді. Педагогтерге біліктілігін жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және психологиялық қолдау алуға жағдай жасалуы қажет.

Ата-ана, директор және мұғалім: жауапкершілік кімде?

Өмір Шыныбекұлы мектептегі тәртіп мәселесінде ата-аналардың рөліне де тоқталған.

Оның айтуынша, баланың үлкенді сыйлауы, өзгенің құқығын құрметтеуі және жанжалды күш қолданбай шешуі отбасындағы тәрбиеге де байланысты.

Бірақ оқушының тәртіп бұзғаны үшін барлық жауапкершілікті тек ата-анаға арту да дұрыс емес. Баланың психологиялық жағдайы, жас ерекшелігі және мектептегі ахуал бірге ескерілуі керек.

Ал мектеп басшылығы жанжал кезінде тараптарды тыңдап, оқиғаны бейтарап зерттеп, балалар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Қоғам белсендісі мұғалімге жасалған қысым туралы шағымдарды тек сол мектеп әкімшілігінің өз ішінде қараумен шектелмеу қажет болуы мүмкін екенін де ескертеді.

Мұғалімді есепке көмгенше, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек

Жазбада педагогтердің артық есептілігі мен қағазбастылығы да қозғалған.

Өмір Шыныбекұлы қажетсіз құжаттар мен қайталанатын есептердің мұғалім уақытын алып, кәсіби шаршауды күшейтуі мүмкін екенін айтады.

Сондықтан ол есептілікке аудит жүргізуді, қайталанатын құжаттарды қысқартуды және мектептегі қауіпсіздік жағдайы жөніндегі деректерді жүйелі жариялауды ұсынады.

Қоғам белсендісінің пікірінше, бұл шаралардың нәтижесі нақты көрсеткіштер арқылы бағалануы керек. Олардың қатарында шағымдарды қарау мерзімі, қайталанған оқиғалардың жиілігі және педагогтердің қауіпсіздігіне қатысты сауалнама қорытындылары бар.

Өмір Шыныбекұлы көтерген басты мәселе – мектептегі әділдік екі тарапқа да бірдей қолданылуға тиіс.

«Мектепте мұғалім де қорықпай жұмыс істеуі, оқушы да өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деп түйіндейді ол.

Осылайша Democrat.kz сайтында жарияланған мұғалімдердің жанайқайына қатысты мақала білім саласындағы тағы бір маңызды мәселенің талқылануына түрткі болды.

Барлық жаңалықтар