«Комиссия келе жатыр!»: Мұғалімдердің шапқылауы көбейе түспек

 «Комиссия келе жатыр!»: Мұғалімдердің шапқылауы көбейе түспек

Тоқсандық бағаны қорытындылап, БЖБ мен ТЖБ нәтижелерін тексеріп, есеп-қисаптан бас көтере алмай жүрген мұғалімдер тағы бір мәселеге наразылық білдіре бастады. Әлеуметтік желіде білім беру ұйымдарына келетін комиссиялар мен жұмыс топтарына қатысты шағымдар жиілеп, педагогтер тексерістің тоқтайтын түрі жоқ екенін айтуда, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде Ақтөбедегі мұғалімдерге қатысты жарияланған жазба көпшіліктің назарын аударды.

«Ақтөбе, не комиссия мынау келіп жатқан?!» – деп жазды желі қолданушысы.

Жазба астында бірқатар педагог тексеріс кезінде сабақ беру тәртібіне қатысты талаптардың өзгеретінін айтып, наразылық білдірген.

«Дым түсінбейтін апайлар сабақ беріліп жатқанда аяқ астынан сабақ өткізуді үйрететін болды. Көрсеткендері шамалы», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Дегенмен пікірталаста тексерісті қолдағандар да бар.

«Қайырлы түн, әріптес. Бұл желі шулататын комиссия емес. Әдістемелік көмек көрсету мақсатында келген жұмыс тобы ғой. Уайымдайтын түгі жоқ», – деген пікір қалдырған тағы бір қолданушы.

Алайда мұғалімдердің наразылығы тек Ақтөбедегі жағдаймен шектелмейді. Бұған дейін де әлеуметтік желіде тексерістердің жиілігі мен педагогтердің құжат дайындауға жұмсайтын уақыты бірнеше рет сыналған.

«Бірінші аудан тексереді, енді облыс келеді, одан кейін республика. Тек халықаралық жетіспей тұр. Біз сабақ өтпей, өмірімізде көрмеген құжаттарды дайындап жатырмыз. Сапаны жақсартамыз дейді, сапаны бұндай тексеріспен жақсартпай-ақ қойыңдар. Есеп, қағаз сұрай бергенше, сабақ беруге мүмкіндік берсеңдерші!» – деп жазған еді бір мұғалім.

Өзге педагогтер де тексеріске дайындалу кезінде күнделікті жұмыстың екінші орынға ысырылатынын айтқан.

«Жуырда ғана тексеру келеді деп дайындалып, атымызды ұмытып қала жаздадық. Келе сала сабаққа қатысты, сосын папка құшақтап жүгірдік. Ақыры ашық сабақ бер деп кетті. Семинары бар, ашық сабағы бар. Миға да, жанға да тыныштық жоқ», – дейді тағы бір ұстаз.

Мәселенің ең күрделі тұсы – мұның бәрі тоқсан аяқталып, мұғалімдердің жұмыс жүктемесі артқан кезеңге сәйкес келіп отыр.

Осы уақытта педагогтер оқушылардың тоқсандық бағаларын қорытындылап, жиынтық бағалау жұмыстарын тексеріп, электронды журналдарды реттеп, үлгерім нәтижелерін талдаумен айналысады. Оның үстіне келетін комиссия үшін қосымша құжат, жоспар, есеп әзірлеу қажеттігі туындаса, негізгі сабаққа дайындалуға бөлінетін уақыт қысқарады.

Мұғалімдердің жазбаларынан байқалатын басты мәселе – олар білім сапасын бақылауға түбегейлі қарсы емес. Наразылық көбіне тексерістің ұйымдастырылуына, қайталанатын талаптарға және педагогтердің нақты жүктемесінің ескерілмеуіне бағытталған.

Әсіресе әдістемелік көмек көрсету мақсатындағы жұмыс тобының келуі мұғалім үшін кезекті есеп беру науқанына айналса, мұндай жұмыстың тиімділігіне күмән туады.

Педагогтердің көтеріп отырған мәселесі Оқу-ағарту министрлігінің де назарын талап етеді. Тексерістердің жиілігі, мақсаты, мектептерге жүктейтін қосымша міндеттері мен білім сапасына нақты әсері ашық бағалануға тиіс.

Өйткені тексерушілердің келгені емес, сол тексерістен кейін мектептегі қандай мәселенің шешілгені маңызды.

Ал мұғалім тоқсан бойы баланы оқытып, тоқсан соңында қағазбен арпалысып, одан қалса комиссияға дайындалумен уақыт өткізсе, білім сапасын жақсартуға оның күші мен уақыты қашан жетеді?

 

Барлық жаңалықтар