«Тоқсандық баға дауы»: Мұғалімдер мен ата-аналардың «шайқасы басталды»

 «Тоқсандық баға дауы»: Мұғалімдер мен ата-аналардың «шайқасы басталды»

Мектепте барлық пәннен үздік оқитын бала сурет салуға немесе ермексазбен жұмыс істеуге қиналса, оған төмен баға қою қаншалықты әділ? Әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты басталған пікірталас мұғалімдердің бағалау тәсіліне қатысты өткір дауға ұласты, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде бейнелеу өнері, еңбек және басқа да шығармашылық пәндердегі бағалауға қатысты қызу пікірталас туды. Жазба авторы негізгі пәндерден үздік оқитын балалардың сурет сала алмағаны немесе ермексаздан бұйым жасай алмағаны үшін төмен баға алатынына наразылық білдірген.

«Болмай қалған, дымға қажетсіз сабақтарына 4 деген бағаны қоятын педагогсымақтар не деп далбаң болады екен? Отличник бала сонда ән айта алмай ма? Сурет сала алмай ма? Пластилинмен жұмыс жасай алмай ма? Негізгі пәндердің бәрі 5, қалған сабақтар 4. Кім қалай түсінді?» – деп жазған ол.

Жазба авторының пайымдауынша, мұндай пәндердегі бағалау баланың жалпы үлгеріміне кері әсер етеді. Алайда оның шығармашылық сабақтарды қажетсіз деп атауы өзге қолданушылардың қарсылығын туғызды.

«Болмай қалған сабақ деп бөлуге болмайды. Керек болған соң мектеп бағдарламасында тұр. Оқушы мұғалімді сыйламаса, сабақты қажетсіз деп ойласа, онда ол сабаққа ынтасы болмайды», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Тағы бір қолданушы үздік оқушы барлық пәннің талабын орындауға тиіс екенін алға тартқан.

«Үздік оқушы болса, барлық пәнге үлгермей ме? Барлық сабақ керек. Бағаға емес, білімге ұмтылған оқушының әңгімесі емес мынау», – дейді ол.

Ал басқа пікір иесі мәселенің екінші жағына назар аударды.

«Дене шынықтыру, бейнелеу өнері, суреттен баға болмағаны дұрыс еді. Сабаққа қатысып, тапсырма орындап отырған балаға неге жақсы баға қойып бермеске? Кей мұғалімдер сабаққа қатысуын емес, қабілетін бағалап кетеді», – деп жазды желі қолданушысы.

Бұл пікір мектептегі бағалаудың маңызды мәселесін қозғайды: шығармашылық пәндерде баланың табиғи қабілеті бағалануы керек пе, әлде оның тапсырманы орындауға жұмсаған еңбегі мен қол жеткізген нәтижесі ме?

Мәселен, сурет салуға бейімі жоқ оқушы мұғалімнің тапсырмасын мұқият орындап, барынша тырысса, оның жұмысы көркемдік қабілеті жоғары баланың жұмысымен бірдей өлшем арқылы бағалануы қаншалықты орынды?

Екінші жағынан, шығармашылық пәндерді мүлде бағаламау немесе оқушының қатысқаны үшін ғана жоғары баға қою да білім нәтижесін әділ анықтауға мүмкіндік бермеуі мүмкін.

Пікірталаста бір қолданушы төмен бағаның себебін баланың сабаққа қатысуы мен пәнге қызығушылығынан іздеу керектігін айтқан.

«Ең дұрысы, сол төрт шыққан сабақтарына қатысып көріңіз. Сонда дұрыс шешім шығара аласыз. Мүмкін баланың сол сабаққа қызығушылығы да жоқ шығар», – деп жазды ол.

Осылайша әлеуметтік желідегі дау тек төрттік пен бестікке қатысты емес, мектепте оқушының еңбегі, қабілеті және білім нәтижесі қалай бағалануы керектігі туралы мәселеге ұласты.

Бір тарап шығармашылық пәндердегі төмен баға үздік оқушының үлгеріміне кері әсер етеді деп есептесе, екінші тарап әр пәннің өз орны мен бағалау талаптары бар екенін ескертті.

 

Барлық жаңалықтар