АҚШ-та тұратын композитор Марат Омаров әнші Луинаны сотқа бермек

0
60

40 жылдан бері шырқалып келе жатқан Марат Омаровтың “Анашым” әніне қатысты дау туды.

Эстрада жұлдызы Луина “Анашым” әнін мереке қарсаңында орындап, бейнебаян түсірген. Жазба соңына авторын Нұрлан Өнербаев деп көрсеткен.

“Ешқандай рұқсат сұраған жоқ. Біріншіден, келісімшарт болуы керек. Екіншіден, рұқсатсыз аранжировка жасаған. Одан кейін бейнебаян түсірген. Ең сорақысы мені біле тұра, авторын Нұрлан Өнербаев деп көрсеткен. Бұл іске жауап берілуі керек. Жазба түрінде келісімшарт жасалды ма?! Әріқарай істі адвокаттар жалғастырады”, – деді Марат Омаров “КТК” арнасына берген сұхбатында.

Басы дауға қалған әнші Луина жеке парақшасында жазба жариялап, серіктес компанияның қатысы барын айтты.

“Бұл кавер цифрлық платформаларда жеке ән ретінде шығарылмады. Мен одан коммерциялық пайда көрмедім. Публикация серіктес компаниямен бірлескен жоба. Мәтінін редакторлар жазды. Менің қателігім, бастапқыда жазбаны егжей-тегжейлі қарамағаным. Біз бірден түзетулер енгіздік”, – деген Луина.

Айта кетейік, эстрада жұлдызы өнердегі ағасымен ортақ тіл табысатынына сенімді. Алайда АҚШ-та тұратын композитор бәрін заң аясында шешпек.