Қауіпті тақырып мектептің ішіне де қадам басты ма?

0
456

Таяуда Оқу ағарту министрлігі мектеп мұғалімдеріне кезекті бір міндеттеме жүктелетінін хабарлаған еді. 

Кезекті дегеніміз түсінікті болар? Қазақстан мұғаліміне жүктелмеген міндеттеме саны азая бастады. Оқушының білімі, тәрбиесі, мектептің іші-сыртының тазалығы, ауыл-аймақтың ағаш-талының тазалығы, түрлі концерттерге адам толтыру, газеттердің тиражын көтеру, сайлауда шапқылау…бітпейтін жұмыстар әйтеуір.

Ендігі міндеттеме — мұғалімнің экстремизм туралы заңды жаттап, оқушысына сол туралы айтып, тәрбиелеу. Бір жағынан қарасақ, әрине қажетті дүние. Қоғамды жайлаған теріс ағымдағы қауіпті адамдардың жетегіне бала кетіп қалмауы керек. 

Ал енді осы мәселеге басқа жағынан қарап көрейікші. Министрлік жүктеген соң, мұғалім еріксіз орындайтыны белгілі. Алайда бүкіл Қазақстандағы бүкіл мұғалім қандай діни ұстанымда? Ең алдымен осы нәрсе анықталып алынғаны жөн емес пе? Біздің осы сауалдарымызға жауап берген мұғалім, ата-ана, оқушының жауаптары төменде берілді.

«Мәселен, өзін түзу жолда жүрмін деген кейбір мұғалімнің экстремизмді айтамын деп оқушысына «домбыра — харам», «жеті шелпек таратуға болмайды», «келін сәлем салмауы керек», «мұсылманның 2-3 әйелі болуға тиіс» деп «ақыл» айтпасына кепілдік бар ма?

Жалпы, кез келген дін атаулыны мектепке жолатудың қажеті бар ма?

«Экстремизм», «радикал дін», «теріс ағым» дегендерді арнайы маман оқытып, үйреткені дұрыс емес пе? Бір ғана экстремизм туралы заңды жаттап алып, мұғалім оқушыларына қандай білім бере алады?», — дейді бұрынғы мұғалім, қазіргі зейнеткер Әлібек Жұмағазы.

«Соңғы уақытта оқушылардың ораза ұстап, жұма намазына шапқылап жүруі — кейбір діни сенімін мектепте тықпалайтын ұстаздардың ықпалынан болмады ма? Сабақ барысында ғылым туралы айтудың орнына, дін туралы сандырақтап отыратын кез келген мұғалім жіті бақылауға алынуы керек. 

«Иманды бала — тәртіпті болады» деген сауатсыз түсінікпен өзінің миы уланған ұстаз экстремизм тақырыбын өз ыңғайына реттеп алып, болашақ радикалдарды, теріс ағым өкілдерін мектеп қабырғасында оқытпасына кім кепіл?», — дейді шымкенттік мұғалім Раушан Дәрібайқызы.

«Меніңше, өзін сыйлайтын, кез келген ұстаз мектеп ғимаратының ішінде өліп бара жатса да, ешқандай дін туралы  айтпауы керек. Мұғалім экстремизмге қарсы білім берем деп, өзінің діни сенімін тықпалап жіберуі мүмкін.

Кәмелеттік жасқа толмаған баланың миына өз сенімін тықпаласа, ондай мұғалімді қылмыскер деуге болады. Математика мұғалімі ме, есеп шығартуды үйретсін. Әдебиетші ме, әдебиетін оқытсын. Бітті. Ал кез келген діни тақырыпты тек арнайы маман оқытып, түсіндіруі керек»,- дейді көкшетаулық Арай Жақсылыққызы. 

«Мектепте өз діни сенімін әр нәрсемен байланыстырып, әр сөзінде тықпалап отыратын ағай-апайлар бар. Мысалы, «ораза ұстаған оқушылар, ниеттерің қабыл болсын!

Сендер Алланың әмірін орындаған сүйікті құлысыңдар!» деген апайымыз физика пәнінің оқытушысы еді. Дәл сондай биология апай да өзінің ораза тұтқанын, әр күн намаз оқитынын жиі айтып отырады», — деген алматылық оқушы өз аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. 

P.S: «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» жолы қайсы? Министрліктің түпкі мақсаты не? «Экстремизмді» сылтауратып кейбір мұғалім (ондайлар елімізде болуы әбден мүмкін) өзінің діни наным-сенімін баланың санасына сыналай енгізсе, қайтеміз? Эктремизммен күрес барысында нақты бір діни ағымдар туралы сөз етіліп, «дәстүрлі дініміз» деп келесі діннің түрі дәріптеліп кетпей ме? Олай дәріптелетін болса, бұл кәдімгі діни уағыз болмай ма? Бұл сұрақтар басы ашық күйде қалды. 

Дайындаған: Әлия БОЛАТҚЫЗЫ,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.