“Алдағы уақытта азаматтар мүлкін сақтандыру жүйесін жетілдіруі керек” деді Президент
«Біз алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыруымыз қажет». Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде осылай деді.
Дамыған елдерде алапат апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Әрине, ол үшін экономика мен қаржы жүйесін одан әрі дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек.
Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты міндеті болып қала береді. Әділетті Қазақстанды құру тұжырымдамасы – құр сөз емес, нақты жүзеге асырылып жатқан шаруа. Ол үшін нақты шаралар қабылданып, жаңа мүмкіндіктерге ұдайы жол ашылып жатыр.
Мысалы, менің Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы 4 инфрақұрылымдық бастамамның аясында 1 мамырдан бастап «Наурыз» атты жаңа ипотека бағдарламасы іске қосылады. Оны іске асыруға 8 жыл ішінде 1,7 триллион теңге жұмсалады. Соның нәтижесінде 70 мыңға жуық отбасы баспаналы болады – деді Тоқаев.
Фото ашық дереккөзден алынды.