Әміржан Қосанов үлкен марапатқа ие болды
Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов «Парасат» орденімен марапатталды деп хабарлайды Democrat.kz.
Бұл туралы саясаткер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Әміржан Қосановтың бұл марапатына қатысты жұрт алып-қашпа әңгіме айтып жатқан болса керек, өз жазбасында саясаткер: «Мына постты жазбасам, болмайды екен.
Республика күні қарсаңында көппен бірге мен «Парасат» орденімен наградталдым.
Сол оқиғаны жұрт сан-саққа жүгіртіп жатқан сыңайлы: «елге сіңірген еңбегің бар» деп, шын жүректен құттықтағандармен қатар «өзі сынап жүрген биліктің қолынан орден алып жатыр» деп күстәналап, жазғырып жатқандар да табылып жатқандай.
Соларға жауабым мынадай.
Ешқашан да мемлекеттік награда аламын деп ойламаппын. Ешкімнен өтінбеппін. Шынымды айтсам, ондай үмітім де болған емес.
Кезінде, үкіметте жүргенде мемлекеттік награда алатын тізімдерге бюрократиялық қатысымыз болып, өзімізді соған қосуға мүмкіндік болғаны рас, бірақ ыңғайсыздандық, жұртпен бірге таласпадық.
Алматы қаласының әкімінің қолынан мемлекеттік награда алып жатқанда мынадай сыңайлы сөз айттым:
«Айтылмаған сөз жетім», осы ғимараттағы мінбеге шықпағаныма 27 болыпты, сол себепті «осында Қосанов келіп, үндемей кетті» деген әңгіме болмасын. Сондықтан да айтайын.
27 жыл бойына ескі Қазақстан тұсында ұрылып, соғылып, сотталып, абақтыға жабылып, қудаланған біз Жаңа Қазақстан тұсында орден алып жатырмыз. Мұның өзі қоғамда белгілі бір жылымық бар деген сөз».
- Википедиядан қарасам, «Парасат» орденімен Республиканың рухани және интеллектуалдық әлеуетін арттыруға немесе адам құқы мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға жеке үлес қосқан ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер, мемлекет пен қоғам қайраткерлері, басқа да азаматтар наградталады екен.
Өз басым 1997 жылдан бері, үкіметтен кеткеннен соң, абсолютті түрдегі тәуелсіз азаматпын. Ондай позицияның «плюсі» де, «минусы» да бар. Соны өз мойныммен көтеріп келе жатырмын.
Бір түсінгенім сол: ең үлкен бақыт – ешкімге тәуелді болмай, өз ойыңды ашық айта алу. «АБАЙ.КЗ», «НЕГЕ.КЗ», Нобель сыйлығының лауреаты «НОВАЯ ГАЗЕТА» сияқты БАҚ-тарға апта сайын (!) өзімнің тәуелсіз пікірімді жариялап отыруым – шынымен де бақыт.
PS 2. Әдетте мен белгілі бір оқиға туралы пост жазғанда, фотода қасымдағы адамнан рұхсат сұрап салатын едім. Маған награда жеткізген Алматы қаласының әкімі Досаевпен фотом бар екен. соны осында жариялайын деп едім, маңайындағылар қаламады. Сол себепті фото жоқ, тек қана әлеуметтік желілерде тарап кеткен мына видео бар, онда да ол қиып тасталған видео, неге екенін білмеймін» деп жазды.
Фото скринделіп алынды.