Әнші Алтынай: “Әйелдің дәрежесін түсіретін де әйелдер”

0
167

“Құрмет” орденінің иегері, әнші Алтынай Жорабаева әйелін азаптап өлтірді деп күдікке ілінген экс министрдің әрекетін сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнер иесі болған іске қоғамда қалыптасқан көзқарасты талқылап, қазақы тыйымдарды алға тартты.

“Салтанаттың ісіне байланысты сот ісі. Біз адам өлмесе оянбайтын халықпыз ғой. Қызың қанша рет жылап, көзі көгеріп келсе де, елден ұят деп қайтаратын халықпыз. Ұлды шолжаң, ерке, сотқар қылып өсіретін де өзіміз. Қандай тентектік болса да, ойнас жасаса да, ұрса да соқса да еркекке жарасады! Әйел бір қателік жіберсе, елден ұят, жерге кіреді.

Әйелдің дәрежесін Алла көтеріп қойған! Алайда, соны түсіретін ең бірінші – әйелдер! Жас қызға “Сен әйелсің, төмен тұруың керек” деп үйрететін анасы немесе енесі.  “Еркекке қарсы сөйлемеу керек”, “ол ішсе, соқса , шыдау керек”, “еркектің бар жамандығына әйел кінәлі”, “еркек ойнас қуып кетсе, әйелі нашар”, “еркек құмар ойнап кетсе, әйелі жасырып отыру керек”, деген сияқты шегі жоқ тыйымдарды үйрететін де – әйелдер!

Таяқтың екі ұшы болатыны тағы бар. Жөні сол екен деп, екі жасты бірден ажырастыруға да болмас. Дегенмен, санасызға қайта-қайта қызыңды қорлап қоса берген де теріс”, – деп жазды өнер иесі.

Сондай-ақ қорғанамын деп күйеуін өлтіріп алған әйелдер туралы да айтып өтті. Әйелін ұрып өлтірген экс министрдің сотының сағызша созылуына ашуланғанын жасырмады.

“Таяқтай беретін күйеуінен қорғанам деп өлтіріп алса, әйелді бірден соттаймыз. Түркістан облысындағы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Ол әйел де таяқ жеп шаршап, мен де өзімді қорғайын деген шығар.

Алайда, әйелін ұрып өлтірген еркекті соттай алмай созбалаңға саламыз. “Е , байғұс… Әйелі миын жеген екен ғой, тілінен тапқан, өзінен де бар” дейміз. Сосын, әйелдің дәрежесі қалай көтерілсін?!”, – деп ашынды әнші.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойғаны айтылды.

Фото ашық дереккөзден алынды.