«Ата-ананың дұғасы, разылығы – жеңіске жетудің басты кілті» дейді спортшы
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов елордада жас дзюдошылармен кездесуінде ата-анасының дұғасы, Олимп ойындарындағы қиын белдесуі жайлы ой бөлісті. Бұл туралы Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл кездесуде жасөспірімдер Олимпиада чемпионына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
«Олимпиададағы ең қиын белдесуім 2023 жылғы әлем чемпионы Франсиско Гарригосқа қарсы өтті. Жеңіске жету жолымда ол бір ғана мүмкіндік берді. Нәтижесінде өз сәтімді тиімді пайдаланып кеттім. Жалпы қай жерде болмасын, түсінген адам жетістікке тек отбасының қолдауы арқасында жете алады. Ата-ананың дұғасы, разылығы – жеңіске жетудің басты кілті», — деді Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов.
Енді ғана осы спортқа ден қойған жас спортшы Елдостан дзюдода өткерген ең қиын сәтін сұрады.
«Өзбекстандағы халықаралық жарыста 40 келіде күресуім қажет еді. Бірақ салмағым 44 келіні құрады. 4 келіні тез арада қуған сәтім әлі күнге дейін есімнен кетпейді», — деп жауап берді ол.