Аяғыңыз ұйып қалатын болса…

0
206

Аяқтың ұйып қалуы — барлық адамды өмірінде бір рет болсын мазалайтын мәселе. Әдетте, бір орында ыңғайсыз отырып қалсаңыз, қанайналым бұзылғандықтан, аяғыңыз ұйып қалуы мүмкін.

Мұндай кезде ол жылдам кетеді. Бірақ кей жағдайларда ол сізді ойландыруы керек. Бұл жайлы невролог Светлана Пицуха айтып берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Доктор Питер«-ге сілтеме жасап.

Аяқ ұюын екіге бөлуге болады. Біріншісі — қанайналымның бұзылуы. Екіншісі — орталық жүйке жүйесі мен аяқтар арасындағы жүйке импульстарының берілуіндегі ақау.

Қандай жағдайда уайымдаудың қажеті жоқ?

Мысалы, бір орында ұзақ уақыт ыңғайсыз отырып қалсаңыз, жүйкелер қысылғандықтан аяқ ұюы мүмкін. Сондай-ақ суық салдарынан аяқ ұюы мүмкін. Аязды күні қан тамырлар жылу жоғалтуды азайту үшін тарылады. Қанайналымның баяулауы тіндер сезімталдығының ішінара жоғалуына әкелуі мүмкін.

Қандай жағдайда ол ауру белгісі болуы мүмкін?

Алайда егер аяқ себепсіз ұйып қалатын болса, ол түрлі аурудың белгісі болуы мүмкін.

Қант диабеті

Аяқтың ұюы — қант диабетіне тән белгілердің бірі. Қандағы глюкоза деңгейінің артуы және ағзадағы зат алмасудың бұзылуы жүйке талшықтарындағы алмасу процестерін нашарлатады және жүйке импульстарының қалыпты жетуіне кедергі келтіреді. Бұл жағдай диабеттік нейропатия деп аталады.

Атеросклероз

Атеросклероз — жүрек-қан тамырлар жүйесінің созылмалы ауруы. Бұл ауру кезінде артерия ішінде түйіншектер пайда болады. Уақыт өте қан тамырлар серпімділігін жоғалтып, тарылады. Қанайналым баяулайды, ал тіндер тамақтану мен оттек жетіспеушілігін сезе бастайды. Бұл сезімталдық жоғалуының себебіне айналады. Атеросклероз жиі аяқ қан тамырларын зақымдайды. Аурудың бастапқы кезеңінде науқастардың балтыр тұсы ұйып бастайды. Сондай-ақ жүргенде аяғы ауыруы немесе шаршауы мүмкін.

Омыртқа жарығы 

Жарық — бұл омыртқааралық дискінің ішкі мазмұнының (ядросының) фиброзды сақинадағы үзіліс арқылы сыртқа шығуы. Бұл патология кең таралған және оның себебі көп. Негізгілері — остеохондроз және омыртқа құрылымдарындағы басқа дегенеративті өзгерістер, омыртқаның қисаюы, омыртқа жарақаттары, артық салмақ. Бұл кезде жұлын жүйкелері қысыла бастайды, бұл жүйке импульстарының берілуін бұзады. Сондықтан бөксе аймағы, жамбастың артқы жағы, балтыр ұйып қалуы немесе ауыруы мүмкін.

Варикоз

Қан тамырлардың варикозды кеңеюі кезінде аяқтың ұюы қайталама сипатқа ие және басқа аурулардың фонында дамиды: қабыну, қан айналымның баяулауы және аяқтың ісінуі. Ісіну көрші жүйке талшықтарын қысып жіберуі мүмкін, ал ол сезімталдық жоғалуының себебі бола алады.

Шашыраңқы склероз

Аяқтың ұюы шашыраңқы склероздың алғашқы белгілеріне жатады. Бұл адамның иммунитеті ми мен жұлын нейрондарының миелин қабықшаларына шабуыл жасайтын ауыр аутоиммунды ауру.

Рейно ауруы

Рейно ауруы — созылмалы ауру. Бұл ауру кезінде шеткі қан тамырлардың эпизодтық спазмы және аяқтар мен қолдардағы қан айналымының күрт төмендеуі байқалады. Бұл ауруға әсіресе әйелдер бейім келеді. Қантамырлар спазмы суық, күйзеліс немесе қандай да бір объективті факторларсыз пайда болуы мүмкін. Патологияның негізгі белгілері — аяқ және қол саусақтарының ұюы.

B12 және кальций жетіспеушілігі

Кейде ағзаға дәрумендер мен микроэлементтер жетіспесе, аяқ ұйып қалуы мүмкін. В12 дәрумені жүйке ташлықтарының миелин қабықшасында болады. Сондықтан осы дәрумен жетіспесе, жүйке импульстарының берілуі бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ қанда кальций жетіспесе, аяқ ұйып қалуы мүмкін.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.