Бақсылар құрылтайында не болды?
“Жақсыларды көріп жүрміз ғой…. Бүгін жан-жақтан жиылған бақсыларды көрмек үшін «Қазақ бақсыларының тұңғыш құрылтайына» арнайы бардым” деп жазады белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай.
“Ондағы мақсатым – осы тәңіршілдер деген кімдер, олар не істеп жатыр, рухани деңгейі нешік, қазақ дүниетанымына, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген көзқарастары қандай, діншілдер даурығып жүргендей олар шынында да адасқандар ма, оларды кім қаржыландырып отыр т.б. сауалдарға жауап іздеп барған едім.
Бақсылар құрылтайы Алматы қонақ үйінде таңертеңгі сағат 10:30-да басталып, кешкі сағат 19:00-де мәресіне жетті. Несін айтасыз, тоғыз сағат бойы тапжылмай отырып, аяғына дейін тамашалап қайттық.
Қазақ бақсыларының бұл тұңғыш құрылтайы халықаралық ғылыми конференция деңгейінде өткен бас қосу болды.
Себебі мұнда баяндама жасаған шешендердің дені зерттеуші ғалымдар болуымен ерекшеленді.
Бұған көз жеткізу үшін баяндамашылардың аты-жөні мен көтерген тақырыптарын жаза кетпекпін. Олар:
Арман Нұрмұханбетов, Құрылтайдың ұйымдастырушысы (Қазақстан)
«Қасиет – Ұлы Дала өркениетінің қайнар көзі»
Берік Аташ, философ, (Қазақстан)
«Қазақ бақсылық ғұрыптары»
Меруерт Құрманғалиева, музыкатанушы (Қазақстан)
«Саз өнеріндегі қазақы қасиет»
Ақнар Шәріпбаева, музыкатанушы (Қазақстан)
«Қазақ бақсылығындағы қобыздың орны»
Пакизат Таласбаева, зерттеуші (Қазақстан)
«Қасиет феноменінің ғылыми дәлелдері»
Сергей Серен, бақсы (Бурятия)
«Буряттардың бақсылық дәстүрі»
Эркин Алексеев, алғысчыт, хомусчыт, мәдениеттанушы, (Саха)
«Саха бақсылығының дәстүрі»
Сандил Джадхав, Иога институтының директоры, (Индия)
«Меру. Ведда және Тәңіршілік мәдениеттерінің қарым-қатынасы»
Эдриан Куманс, Америкадағы Ленапе тұрғылықты халқының (үндістердің) бақсысы (АҚШ)
«Жергілікті Америка халқының (үндістердің) бақсылық дәстүрі»
Нұрасыл Құсайын, Құрылтай демеушісі (Қазақстан)
«Киенің қиындықтарды шешудегі көмегі»
Бұл баяндамаларда «Егерде дейді, кімде-кім дейді…» деп басталатын жұрт құлағын жауыр қылған улы уағыздар айтылған жоқ. Еш баяндамашы «Тәңірші болыңдар!» деп ұран көтерген жоқ. Тек ұлттық дүниетаным мен мәдениеттану тұрғысында түрлі ғылыми көзқарастар білдіріліп, ой-тұжырымдар айтылып, жеке пікірлер ортаға тасталынды.
Бір сөзбен айтқанда, біздің бақсы деп жүргеніміз ұлттық сана иелері – ғалымдар мен ұлттық код иелері – өнерпаздар (қобызшы, күйші, әнші) екен және олардың мемлекетшілдігі, ұлт сүйгіштігі (патриотизм) дәстүршілдігі аса күшті келеді екен. Бұл мені қуантты”.
Фото автордың парақшасынан алынды.