Баладан руы, әке-шешесі туралы сұрау дұрыс емес

Қазақтың үлкендері кішкентай бала көрсе «кімнің баласысың» дейтіні бар. Сұрасаң сұра, әрі қарай қазбаламай, бәрекелді дей сал.
Мамамның баласымын десе, әкеңнің баласы емессің бе деме. Ол баланың әкесі болмауы мүмкін. Әкесінің кім екенін білмеуі де мүмкін. Әкемнің баласымын десе де солай. Бәлки, туғанда тастап кеткен әкесін, не шешесін жек көретін шығар.
Көлденең кездескен балаға «жеті атаңды айтшы қане» деп шұқылап тұрып алатындар да бар. Ол бала жеті атасы түгілі әкесін де білмесе ше? Жетімдер үйінде өскен тұл жетім аз ба?
Мектеп оқулығынан «жеті атаңды жаз» дейтін үй тапсырмасын көргем. Сыныптағы 30 баланың бірі жетім болса ше?
Мұны бұрын аңдамай сөйлеп, ауырмай өлу дейтін. Қазір балаға «травма жасау» дейді. Екеуі де жөн-ақ.
Асылхан МАМАШҰЛЫ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.