Балалар қант диабеті ауруы 10 есеге өскен

0
73

Соңғы 10 жылда қант диабетімен ауыратын балалар саны 10 есе өскен. Кейінгі жылдары дәрігерлер елде қант диабеті жасарып жатқанын айтып, дабыл қағып жүр.

Балалар арасында қант диабетінің көбею себебі қандай? Аурудың алдын алу үшін не істеу қажет? Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі терапевт Маржан Әділхаттан сұрады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жолдаған жауабына сәйкес, бүгінде елде қант диабеті ауруымен тіркеуде тұрған 67 900 адам бар. Оның 2039-ы бала. Ал жас ерекшеліктері бойынша бөлетін болсақ, елде  0-14 жас аралығындағы — 1 385 бала, 15-17 жас аралығындағы — 654 бала ауруға шалдыққан.

Неліктен балалар қант диабетіне жиі шалдығатын болды?

Ведомство мәліметінше, балалардағы қант диабетінің таралуы әлемнің көптеген елінде жаһандық проблемаға айналды.

«Негізгі себептер — семіздік, физикалық белсенділіктің төмендігі және дұрыс емес тамақтану әдеттері, мысалы: фастфуд, қантты тәтті сусындар, тәтті тағамдарды тұтыну, сонымен қатар диетада жемістер мен көкөністердің болмауы, біркелкі диета, қант, май және тұзда жоғары тағамдардың басым болуы», — делінген жауапта.

Ведомствоның жауабын кеңінен тарқату мақсатында Massaget.kz тілшісі терапевт Маржан Әділхатпен сұхбаттасты.

Дәрігер ең алдымен қант диабеті ауруына жалпы түсініктеме берді.

Қант диабеті — ағзадағы қант (глюкоза) деңгейінің дұрыс реттелмеуімен сипатталатын созылмалы метаболикалық ауру.

«Бұл жағдай инсулин гормонының жеткіліксіздігімен немесе оның ағзадағы жасушаларға әсерінің бұзылуымен байланысты. Инсулин — ұйқы безі бөлетін гормон, ол қаннан глюкозаны жасушаларға тасымалдауға көмектеседі, яғни энергия көзі ретінде пайдаланылады. Қант диабетінің бірінші және екінші типті екі түрі бар. Бірінші типті қант диабетінде ұйқы безі инсулин бөлмейді, ал екінші типті қант диабетінде инсулин жеткілікті болуы мүмкін, бірақ ол ағзаның дұрыс және белсенді жұмыс істеуіне сапасы жағынан аз болады, — деп түсіндірді ол.

Маржан Әділхаттың айтуынша, көбінесе балалар мен жасөспірімдерде анықталатын бірінші типті қант диабеті.

Қант диабетіне шалдықтыратын негізгі факторлар қандай?

  1. Генетикалық бейімділік. Кейбір адамдардың генетикалық тұрғыдан қант диабетіне бейімділігі бар. Егер отбасыңызда біреуде бірінші типті диабет болса, аурудың даму қаупі жоғарылауы мүмкін;
  2. Вирустық инфекциялар. Кейбір вирустар (мысалы, қызамық, желшешек, паротит, коксаки вирусы, вирусты гепатит және коронавирус) иммундық жүйені белсендіріп, бета-жасушаларға шабуыл жасауына себепші болуы мүмкін;
  3. Аутоиммундық бұзылыстар. Бұл жағдайда иммундық жүйе ағзаның өз жасушаларына қарсы жұмыс істейді. Бірінші типті диабет басқа аутоиммундық аурулармен (мысалы, целиакия немесе қалқанша безінің аурулары) байланысты болуы ықтимал;
  4. Қоршаған орта факторлары. Кейбір ғалымдар қоршаған орта факторларының, мысалы, бала кезіндегі тағам құрамының (мысалы, ерте жасында сиыр сүтін немесе кейбір белоктарды пайдалану), диабет дамуына әсер етуі мүмкін екенін айтады;

«Жаңа туған нәресте ана сүтімен немесе жасанды тамақтандырумен қоректенеді. Жасанды тамақтандыруға ерте көшкен бала көп, олардың арасында сиыр сүтімен қоректенетіндер бар, ал құрамында сиыр сүтінің ақуызы бар қоспалар ұйқы безінің бета-жасушаларын бұзатын антиденелердің пайда болуына ықпал етеді. Ол ағзада аутоиммундық реакцияларды оятып, ұйқы безіндегі жасушалардың сезімталдығын біртіндеп жояды», — деді ол.

5. Стресс немесе ауыр физикалық жағдайлар. Ауыр стрестік жағдайлар немесе физикалық жарақаттар аурудың пайда болуын тездетуі мүмкін;

6. Иммундық жүйенің бұзылуы. Иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі бета-жасушалардың бұзылуына әкеп соқтырады.

«Сондай-ақ маркетинг дамыған заманда балалар құрамында түрлі химия, бояғыш, тәттілендіргіш секілді атағы беймәлім заттары бар тәтті-газдалған сусындар, чипстер, осы секілді жылдам өндірілетін фастфудты көп тұтынады. Бұл әсіресе мектеп жасындағы балаларға зиян, өйткені олар бұл уақытта жасөспірімдік кезеңнен — ағзасы гормоналды өзгерістен өтіп жатады», — деді дәрігер.

Аурудың алғашқы белгілері қандай?

  • Зәр шығарудың жиілеуі, яғни зәр шығару күніне 3-4 литрге дейін артады;
  • Аз уақытта көп салмақ тастау;
  • Әлсіздік, шаршау;
  • Тершеңдік;
  • Жұмыс қабілетінің күрт төмендеуі;
  • Ұйқышылдық;
  • Бас ауруы және айналуы;
  • Ашуланшақтық;
  • Ұйқының бұзылуы;
  • Тері және шырышты қабаттардың қышуы;
  • Аяқ-қолдың ауыруы немесе ұйып қалуы, жансыздануы, ауырлық сезімі, балтыр-бұлшықеттердің жиі тартылып қалуы;
  • Жүрек айнуы, құсу және тағы басқа;
  • Инфекциялық аурулармен жиі ауыруы.

«Егер балаңыздың бойынан осы белгілердің бірін байқасаңыз, бірден дәрігер көмегіне жүгініп, профильді маманның кеңесі бойынша әрекет етуді ұсынамын. Кез келген аурумен күрескенде оны емдеуге ертерек кірісу өте маңызды рөл атқарады», — деді маман.

Қант диабетін уақытылы емдемеудің салдары қандай?

Терапевтің сөзінше, балалар мен жасөспірімдердегі қант диабеті асқынған жағдайда, гипергликемиялық немесе гипогликемиялық комаға дейін әкеп соқтыруы мүмкін.

«Сондықтан егер ата-ананың бірінде қант диабеті бар болса, баланың қандағы қант деңгейін жиі тексеріп отырған жөн. Өйткені олардың қант диабетіне шалдығу ықтималдылығы жоғары», — деді ол.

Қант диабетінің бірінші типін емдеудің бір ғана жолы бар — инсулин қабылдау.

Қалай қант диабетінің алдын алуға болады?

Дәрігер бірінші кезекте, аурудың алдын алуды ерте жаста тамақтанудан бастауды ұсынды.

«Бала оны ата-анасының әдеттеріне қарап үйренгені дұрыс, өйткені бала барлық нәрсені ата-анасынан қарап, бағыт алады. Ең алдымен дұрыс тамақтануды қалыптастыру маңызды. Ол күнделікті рационға сапасы жоғары, табиғи, зиян қоспаларсыз дайындалған үй тағамдарын қосу, қабылдау», — деді ол.

Екінші кезекте, Маржан Әділхат бала жасындағы кез келген аурудың алдын алу құрсақішілік, яғни жүктілікті жоспарлаудан басталатынын алға тартты. Яғни жүктілікті жоспарлау, жүктілік барысы, содан кейін ғана бала дүниеге келгенде инфекциялық аурулардың алдын алу немесе ауырған жағдайда да соңына дейін емдеу.

Үшінші кезекте, ұйқы безіндегі бета-жасушаларды бұзатын процестерге жол бермеу. Сиыр сүтін, құрамында азоты бар өнімдерді, нитраттарды, токсиндерді, химиялық қоспалар мен консервілерді баланың рационынан алшақ ұстау.

Төртінші кезекте, балаларға газдалған сусындар мен пластикалық ыдысқа құйылған өнімдерді бермеу және тұтынбау.

Бесінші кезекте, генетикалық зерттеуден өту.

«Ерлі-зайыптының бірі немесе екеуі де қант диабетімен ауыратын болса, жүктілікті жоспарлау кезінде генетикалық зерттеу жүргізген жөн. Бұл зерттеу қазір елімізде де, шетелде де жеткілікті деңгейде дамыған. Қазір жоспарлы түрде скрининг тексерістен өту арқылы қауіп факторын білуге болады», — деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы 0-14 жас аралығында — 4 214 бала, 15-17 жас аралығында — 1 627 бала қант диабетіне шалдыққан.

Сонымен қатар 2023 жылғы қорытындыға сүйенсек, қант диабетімен ауыратын балалардың 0-14 жас аралығында 4 012 бала — I типті қант диабетіне, 202 бала — II типті қант диабетіне; 15-17 жас аралығындағы 1 482 бала — I типті қант диабетіне, 145 бала — II типті қант диабетіне шалдыққан.