Бізге осындай шығынсыз жаназа қажет
Democrat.kz ақпараттық порталында қазіргі жаназа шығыны туралы мақала жарияланған болатын. Осы жаназа мәселесі туралы Түркиядағы достарымызбен сөйлесіп, бізде жоқ қызықты жайттар туралы естіп білдік.
Түркияда адам үйінде қайтыс болса, жедел жәрдем мәйітті моргке әкетеді. Сол жерде адамның өлім себебі анықталып, өлгені туралы дәрігерлік анықтама беріледі. Мұнан кейін мәйітті жуындырып, кебіндеу үшін арнайы мекенге жөнелтеді.
Ғасилхана деп аталатын бұл жерде арнайы мамандар мәйітті жуып, кебіндеп, жерлеуге дайындап береді. Мұнан кейін жергілікті әкімдік мәйітті жаназа өтетін мешітке, мешіттен зиратқа апаратын арнайы көліктер береді. Сондай-ақ әкімдік зираттан арнайы жер бөледі.
Мәйіттің жақындары белгіленген уақытта жаназаға мешітке жиналады. Ал қаралы үйде біздегідей жылқы, қой сойып, бауырсақ пісіріп, дастарқан жайылмайды. Бар болғаны халуа қуырады. Бітті. Көңіл айтып келушілердің ішінде ең жақын туыстан басқалары 5-10 минуттан артық қаралы үйде отырмайды.
Келушілерге дастарқан жайылмайды. Мұнан кейін 7 күндігі деп аталатын біздегі жетісі сынды күн бар. Ол күні де мәйіттің ең жақын туыстары жиналып, Құран оқып, баклава, халуа жеп, шай ішіп тарқайды. Дәл осылай 52 күндігі деген тағы бір ғұрып бар.
Ол күні де мал сойылып, ас та төк дастарқан жайылмайды. Сонымен қатар қайтыс болған кісі мысалы Стамбулда тұрған, бірақ туған жері Анкарада делік. Мәйітті туған топырағында жерлеу керек болса, ол кезде де жергілікті әкімдік бүкіл шығынды мойнына алып, мәйітті еліне жеткізуге көлік береді.
Қазақстанда қайтыс болған кісінің зейнетақысы ұл-қызына мирас болып қалмайды. Ал Түркияда қайтыс болған адамның артында жас балалары болса, оның зейнетақысы мирас ретінде балаларына ай сайын беріліп тұрады екен.
Ал енді Түркиядағы орташа жаназа бағасын шығарып көрсек, мемлекет тарапынан берілетін жерлеуге арналған жер үшін арнайы ресми құжат алады. Ол жерде болашақта басқа туыстары да жерленеді. Бағасы 80-90 мың теңге. Ал 50-60 адамға халуа қуырып, шай беруге орташа — 15-25 мың теңге жұмсалады.
Самал МӘДИ,
Democrat.kz.
Фото ашық дереккөзден алынды.