Бұлай халықты қан қақсатуға бола ма?

0
1185

ТикТок әлеуметтік желісінде атыраулық Lya2611 атты желі қолданушы «ҚазақТелеком»-ға қатысты видео жариялап, «бұл жердегі қарыз банктегі өсімнен бетер» деді деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы. 

«ҚазақТелеком» интернетін қолданған оның келісімшарт уақыты біткен, бірақ компания сырттай келісімшарт уақытын ұзартып қойған.  Компания қызметінен бас тартпақ болған атыраулық келіншек мақсатына жетпеді.

«ҚазақТелеком»интернет  қызмет сапасының өте нашар екеніне қарамастан, тұтынушының интернетті қолданбаған күндеріне де қарыз жазған.  Күн санап қарызы артқан «ҚазақТелекомға» арнайы келген атыраулық келіншек компания офисінен де мардымды жауап ала алмады.

«Келісімшартта қойылған қол менікі емес» деген атыраулық келіншекке «ҚазақТелеком» қызметкері «менікі емес деп арыз жазыңыз, он күн ішінде қаралады» дейді. Ал бұл он күндер ішінде өсім ақшасы көбейе бермек.

«Интернетті өшіргім келеді. Ал келісімшартқа қолымды қоймадым. Олай болса, мен не үшін төлем төлеуім керек?» деген клиенттің сұрағына «ҚазақТелеком» қызметкері жауап бере алмай, басқа әріптесіне сілтеді.

«ҚазақТелеком» жыры деген әләуләйлім басталғалы аз болмады. Елімізде қаншама адам «ҚазақТелеком» интернетін қостырып, борышкер болғаны мәлім.

Телефон арқылы сандар жіберу арқылы «қол қойылды, келісілді» белгісін соққан келісімшарттардың кесірінен бұл компанияның клиенттері тұзаққа оңай түсті деуге болады. Неге?

Себебі көзбен көрмеген құжатта «егер интернетті келісімшертта көрсетілген 3 жыл мерзімнен бұрын, мысалы 1 жылдан кейін  өшіретін болсаңыз, қалған 2 жылдың өтемін өтейсіз» дегенге саятын шарт бар.

«ҚазақТелекомның» интернет модемін өткізіп, келесі айдан бастап интернет қолданбаймын десеңіз де, мәселе шешілмейді. Себебі жоғарыда сөз болған келісімшарттағы шарт бар.

Осылайша қолданбаған болашақтағы интернеттің қарызы мойныңызға ілінеді. Оның соңы белгілі, компания сотқа жүгінеді, есепшоттарыңызға бұғат қойылады.

Дәл осындай мәселемен «ҚазақТелекомға» қарыз болған жүздеген кісі видеоның астына пікір жазуда. «Мен «ҚазақТелекомның» интернетінен бас тарту үшін 14000 теңге төледім», «Осыған дейін 5000 төлеп келген интернетімізді 3000 теңгеге қымбаттатып жіберді», «ҚазақТелекомды» топ болып сотқа беру керек!» деген пікірлер борап жатыр.

 

Дайындаған, Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды. 

@lyaa2611

#Атырау #казактелеком

♬ оригинальный звук — Lya2611