«Бұрын қариялар, ал қазір жастар көптеп уағызға келеді» дейді уағызшы

0
537

Танымал уағызшы Дарын Мубаров өзінің Ерлан Әбдірұлына берген сұхбатында дінге қалай келгенін және қазіргі діни ахуалға қатысты ойларын бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.

Дарын Мубаров шетелде көп болғанын айтып, Еуропадағы материалдық жағдайдың жақсы екенін, алайда рухани дағдарыстың жоғары екенін атап өтті.

«Алланың қалауымен шетелдерді өте көп көрдім. Еуропадағы кейбір жетістіктер таңдай қақтырады. Бірақ олардағы рухани дағдарыс өте жоғары. Қазір неге ата-бабасы мұсылман болмаған Еуропа елдерінде адамдар исламға келіп жатыр? Себебі, олар рухани шөлдеді. Материалдық проблемалары жоқ шығар, дегенмен олар базарда сатылмайтын дүние іздеп жүр. Ол — аманат, иман, адалдық, кешірім», – деді ол.

Дарын Мубаров өзінің алғаш дінге бет бұрған жылдарын еске алып, уағыз айту оңай болмағанын мойындады.

«Бұрын мұсылмандар аз болатынбыз. Ең алғаш рет 94-ші жылдары маңдайым сәждеге тисе, 96-шы жылдары бірдеңе түсініп, елге жеткізгіміз келгенде соны айтатын адам таппадық. Қуалап жүріп айттық, ешкім тыңдамайтын. Қазір қашып жүріп уағыз айтып жүрмін. Оларда уақыт көп, менде уақыт жоқ. Бір сұрағым бар, кездесейік, шәй ішейік дейтіндер көп. Бірақ, сол кезде жоқ нәрселер қазір менде бар. Ол уақыттарда өзімізді жалғыз сезінетінбіз, қалай түсіндіреміз, дін жетпейтін шығар деп уайымдайтынбыз. Қазір жеткізіп жатқандар көп. Мен алғаш мешітке имам болып барғанда апалар мен аталар отыратын. Бес адамға уағыз айтатынмын. Қазір керісінше, қариялар жоқ, орынды жастар толтырып жатыр», – деді уағызшы.

Дарын Мубаров қазіргі уақытта имамдардың білімі жоғарылағанын айтып, бірақ оларды ашық мақтауға қорқатынын жасырмады.

«Кейінгі уақыттарда көңіл толатын имамдар көп. Біз туралы алып-қашпа әңгіме өте көп. Кей кезде өзімізді интернеттен көріп танымай қаламыз. Қазір бір имамды мақтасам, сол имам туралы «бұны Дарын мақтапты, ауыз жаласқан сәләфи шығар, уахаби» деген сөз тарайды. Маған бір имамның кітабын тексеруге берген еді. Оқысам, әжептеуір білімі бар екен. Риза болып, бір отырыста мақтаған едім, артынша сол имамға қиындықтар туындапты. Кейін ол маған келіп, «Дарын аға, арамыздағы байланысты айтпай-ақ қойыңызшы, әңгіме көбейіп кетті» деді. Шынын айтқанда, қазір жүрегің тыныштық табатын, үміт сыйлайтын, көңілің орнына түсетін имамдарды көремін, оларғам дұға жасаймын», – деді ол.