Депутат мектепке жұмысқа тұру ережесін өзгертуді ұсынды

0
1668

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министрінің орынбасарына сауал жолдап, жемқорлық фактілерін тексеруді талап етті, деп хабарлайды kaztoday.kz.

Депутат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтерін тілге тиек етті. Дерекке сәйкес, 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркеліп, ол жалпы шығын 17,5 млрд теңгені құраған.

Қаржылық бақылаудың әлсіздігі байқалады. Деректі терең талдайтын болсақ, 249 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 10 білім бөлімінің басшысы, 2 колледж директоры, 28 мектеп директоры, 21 балабақша басшысы және 136 есепші бар. Педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан, бұрынғы заңсыздықтарды айналып өту және жемқорлық тәуекелін тудыру мүмкіндігі сақталуда. Халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет желдей есіп жүр. Өйткені оңтүстік өңірде жұмыссыздық статистикада көрсетілгеннен әлде қайда жоғары. Ауылдық жерлерде мектеп, балабақша, клуб үйінен басқа жұмыс көзі тапшы. Сондықтан мұғалім болуға талпынатындар тым көп. Тіпті лаборант немесе техникалық қызметкер болу үшін де заңсыз ақша беру жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмыстан шықпау үшін жалақысының бір бөлігін беру фактілері туралы да айтылуда, – деді Темір Қырықбаев.

Осылайша халық қалаулысы үкіметке мына шараларды қабылдауды ұсынды:

  • «Электрондық мектеп» сынды электрондық жүйелерді енгізіп, білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды тездету;
  • Жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету;
  • Қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Яғни ата-аналар комитеті және басқа қоғамдық ұйымдардың білім беру процесіне және қаржылық қызметке қатысуын кеңейту.