Діни басқарма әр суайттың бетпердесін сыпыруы керек

0
142

Бір “данышпан”: еркек арақ ішсе кейін бойынан шығып кетеді, тазарады, әйелге сіңген арақ ешқашан кетпейді, тазармайды, өйткені еркек топырақтан, әйел еттен, біздің қабырғамыздан жаратылған, — деп бөсіп отыр.

Ойы таза, қыз-келіншектер ішпесе екен дейді. Тек соны өз деңгейінде айтпай, дінге сүйеп, жалған құрап соғады. Бөспесі нанымды болуы үшін ғылыми дәйек іздеп: бір ғалымдар екі ыдысқа ет пен топырақ салып, бір-бір стақан арақ құйып, бетін жауып қойыпты, — дейді.

Содан бір аптадан кейін ашса ет сасып кетіпті, анаған тұзды аямай сепсең де иісі кетпейді, ал топыраққа түк болмаған спирт ұшып кеткен деп құлшына сөйлейді. Сонымен әйелдің ағзасына түскен спирт ешқашан ыдырамайтынын дәлелдейді?! Дәнішпан, а?!

Негізі етті ыдысқа салып бетін жауып қойсаң апта емес екі-үш сағатта борсып кететінін, тіпті сіркесуға піскен еттің өзі бір-екі тәулікте қолқа қабатынын есі дұрыс қазақтың бәрі біледі және ол қазақ ешқашан ыдысқа топырақ салып сасытамын деп итәуре болмайды, ақылы бар ғой.

Сонда қарапайым әр қазақ білетін дүниеге миы жетпеген “ғалымдар” қай мемлекет, қандай інстөтөт, әкедемиядан болды екен… Ең жаманы осындай миашытқыштарды біреулер шақырып сұхбат алып, насихаттайтынында.

Ресми БАҚ жалған дерек таратса жауапқа тартылады, ал желідегі бөспелікке, әсіресе дін секілді өте нәзік дүниеге зейін салмасақ — қиын. Діни басқарма мынау өтірікші, мынау дүмше, ал мына адамды тыңдауға болады деп пәтуа шығарып, әр суайттың пердесін сыпырып, парақшасында ресми жариялап , ашық майданға шықпаса болмайды-ау?

Кезінде Ершат Оңғар, Мұхиддин Иса, Шамшиддин Керім т.б. көптеген дін жолындағы азаматтар ахмадия, уахабшы, агапашы, елушіл деген секілділердің көмейіне құм құятын.

Мүфтиятта қайраткерлік қасиет бар еді, соның нәтижесінде 2009 жылы елбүлдіргінің біразына тыйым салынды. Ал қазір ет сасытамын деп жүріп ел сасытып отырғанын түсінбейтін “ғұламалар” көбейіп барады.

Парасатты тұлғалар тізгінді қолға алса ғана бүгінгі керіс кеп пен теріс кептен құтыламыз. Құдай алдында жүгініп тұрып жұдырықтасу, я болмаса бала ұру, тебу — діни ахуалды байқатады, ол ситуацияны даттау, немесе ақтауға тырысу — деградация барометрі, күшене келе борзометрге айналады.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист.

Facebook-тағы жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.