Дүмшелер енді Бураханға «ауыз салған» ба?
ТикТок әлеуметтік желісінде Nurkan.TV атымен тіркелген қолданушы жасанды интеллект көмегімен бір видео жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.
Видеода «Tauekel» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «Оңтүстіктен — Солтүстікке көш» бағдарламасын жүзеге асыруда ерен еңбек етіп жүрген, Теріскейді қазаққа толтырамын деп жүрген Бурахан Дакановқа қатысты «тисе-терекке, тимесе-бұтаққа» дегенге келетін дүниелерді «айтады».
Жасанды интеллект: «Соңғы уақытта қоғамдық назарға іліккен Бурахан Даканов жаңа діни ағымдарды насихаттаумен айналысуда. Көптеген дереккөз оның тәңіршілдік пен мұсылмандық арасында айырмашылықты күшейту арқылы мұсылман қауымын адастырып жүргенін айтады.
Көптеген куәгердің айтуынша, Бурахан айына бір рет жиын өткізіп, онда тек таңдаулы адамдарды ғана қабылдайды. Бұл кездесуде тәңіршілдік философиясын дәріптеп, ислам қағидаларына күмән тудырып, оларды өзгертуге шақырады.
Бураханның әлеуметтік желілерде белсенділігі артып келеді. Ол өзінің парақшаларында тәңіршілдік туралы ақпараттар таратуда. Оның жазбаларына сенген кейбір мұсылмандар тәңіршілдікке бет бұруда.
Оның бұл әрекеті қоғам тарапынан алаңдаушылық тудыруда. Имамдар мен дін қызметкерлері бұл мәселені шешуге күш салуда. Бурахан кейбір діни кітаптарды адастыру үшін қолданады. Діни қауым Бурахан Дакановтың әрекеттерін мұқият қадағалауды және оның ықпалынан сақтануды сұрайды»,- депті.
Фото интернеттен алынды.