Еліміздің бірнеше өңірінде дабыл қағылады

0
138

Еліміздің тоғыз өңірінде ауқымды сейсмикалық жаттығулар өткізіледі, Democrat.kz.ақпараттық порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

3-4 маусымда сейсмикалық қауіпті өңірлерде, яғни Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.

«Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында орналасқан», — деп жазылған ТЖМ хабарламасында.

3 маусымда сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін өңірлерде «Баршаның назарына!» сирена сөйлеу құрылғылары іске қосылады. Сондай-ақ, адам көп жиналатын нысандарда сейсмикалық жаттығулар өткізіледі.

«Оқу-жаттығу төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі. Бұл іс-шараға республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтері, жергілікті атқарушы органдар қатысады.

Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер, далалық медициналық ауруханалар көрсетіледі», — деп жазылған хабарламада.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.